БҚО-да 2025 жылы 950 пәтер пайдалануға берілмек
Баспаналардың басым көпшілігі Орал қаласында салынады.

2025 жылы Батыс Қазақстан облысында жеті көп пәтерлі тұрғын үй бой түзейді. Баспана «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың тұжырымдамасы» шеңберінде кезекте тұрған тұрғындар үшін салынбақ. Бұған қоса ауылдық жерлерде 14 қоныстың құрылысы жүзеге асады. Құрылыс жұмыстары Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылында басталмақ. 13 үй несиеге рәсімдеп сатып алатындарға арналса, біреуі жалға беріледі деп күтілуде.
— Жыл соңында Орал қаласында төрт көп пәтерлі тұрғын үй, Ақсай қаласында бір көп пәтерлі тұрғын үй және Теректі ауданы Подстепное ауылында 14 тұрғын үй, жалпы 950 пәтер пайдалануға берілмек,- дейді Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев.
Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында 846 пәтер пайдалануға берілді. Тапсырылған үйлердің дені бюджет есебінен «Отбасы» банк салымшылары үшін салынды. Тұрғындар Орал қаласында төрт үйде, Ақсайда бір баспана, Теректіде 20 шаңырақта қоныс тойын тойлады. Сондай-ақ, баспана кезегінде тұрған жандарға бес үй беріліпті. Жалпы облыста 2024 жылы 637,4 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылған. Сала мамандары бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға өскенін айтады.
— Тұрғын үйлерді іске қосу көрсеткіші бойынша 2024 жылдың қорытындысына сәйкес барлық қаржыландыру көздері есебінен 637,4 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Жоспар 633 мың шаршы метрді құрады. 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 0,8%-ға өсті. Оның ішінде 367,5 мың шаршы метр көп пәтерлі тұрғын үй, 269,9 шаршы метр жеке тұрғын үй, барлығы 2685 жаңа тұрғын үй қолданысқа берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 335,5 млрд теңгені құрады, 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 11,9%-ға өсті, - деді Нұркен Молдашев.
Аймақта халықтың әлеуметтік осал топтары санатында 19 мыңнан астам батысқазақстандық баспана кезегінде тұр. Осы санаттағы жандарға деп өңірде 805 пәтер сатып алынған. Биыл кезекте тұрғандар үшін облыста 205 баспана сатып алу жоспарланыпты. Бұл үшін республикалық бюджеттен 2,8 миллиард теңгедей қаражат бөлінеді. Баспананы 2025 жылдың тамыз бен қыркүйек айында сатып алу деп жоспарланыпты.