Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында жаңа мәдени-спорт кешені ашылды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жақсыбайлықтар бұл күнді асыға күтті.
Салтанатты шараға қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтап, бұл нысанның ауыл өміріне тың серпін беретініне тоқталды.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әрбір өңірдің дамуы – елдің дамуы. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті», – деп атап өткен болатын. Осы тапсырманың аясында барлық өңірде бұқаралық спортты, мәдени инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше мән беріліп келеді, – деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй.
Жаңа кешен 150 адамға арналған және ауылдың мәдени, спорттық өмірінің негізгі орталығына айналмақ. Ғимарат ішінде бес түрлі мақсаттағы бөлме қарастырылған: заманауи жабдықталған акт залы, кең әрі жарық спортзал; тұрғындарға тұрақты қызмет көрсететін кітапхана, би залы, түрлі үйірмелерге, шығармашылық және дамытушылық жұмыстарға арналған қосымша кабинеттер. Заманауи талаптарға сай бой көтерген кешен соңғы үлгідегі жиһаздармен, музыкалық және спорттық құрал-жабдықтармен толық жарақталған.
Кешен жанында спорт алаңы мен демалыс аймақтары да қарастырылған. Бұл нысан – мемлекет тарапынан ауылдық аймақтардың әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Жақсыбай ауылына тартылған осы жаңа игілік тұрғындардың мәдени дамуына, спортпен шұғылдануына және жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне кең мүмкіндік береді.


