БҚО-да әкім гранты үшін 853 млн теңге бөлінді

Биыл 135 жас түлек жоғары оқу орындарында оқымақ: Өтініштерді қабылдау тамыздың бесінде басталып, онында аяқталады.

БҚО-да жас түлектердің әкім грантымен білім алуы үшін 853 млн теңге бөлінген
Cурет "ЖИ" көмегімен жасалды

Биыл Батыс Қазақстан облысында әкім гранты есебінен 135 түлек білім ала алады. Түлектерден өтініштерді қабылдау бесінші тамыздан бастап-оныншы тамыз аралығында болады. 

Облыстық білім басқармасының келтірген мәліметіне сүйенсек, биыл жас түлектердің әкім гранты есебінен білім алу үшін қазынадан 853,1 миллион теңге бөлінбек. Өткен жылы грант үшін 667,2 миллион теңге қарастырылыпты. Білім басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, 2025-2026 оқу жылында жоғары білімді мамандарды даярлау үшін:

  • Педагогика және психология – 5;
  • Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау – 13;
  • Математика мұғалімдерін даярлау – 10;
  • Орындаушылық өнер – 2;
  • Театр өнері – 2;  
  • Дінтану және теология – 10;
  • Қоршаған орта (өнеркәсіптік экология) – 3;
  • Электр техникасы және энергетика (электрмен жабдықтау) – 5;
  • Механика және металл өңдеу (мехатроника) – 3;  
  • Көлік техникасы және технологиялар (жол-құрылыс және көтеру тасымалдау машиналары) -3
  • Ұшу аппараттары мен қозғалтқыштарды ұшуда пайдалану – 2;
  • Сәулет – 12;  
  • Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс–12;  Гидромелиорация – 3;
  • Өсімдік шаруашылығы (агрономия) – 2;  
  • Ветеринария – 3;
  • Медицина саласында оқу үшін 45 грант бөлінген.
  • Ал,жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бойынша келесі мамандықтар бойынша грант берілмек.
  • Кардиология ересектердің, балалардың – 6;
  • Ревматология ересектердің, балалардың – 1;
  • Гематология ересектердің – 1;
  • Пульмонология ересектердің, балалардың  - 1;  
  • Ересектердің, балалардың психиатриясы – 3;
  • Радиология – 6;  
  • Анестезиология және реаниматология ересектердің, балалардың – 6;
  • Онкология ересектердің – 3;  
  • Офтальмология ересектердің, балалардың – 6;  
  • Педиатрия – 6;
  • Акушерия және гинекология ересектердің, балалардың – 7;  
  • Сот-медициналық сараптама – 3;
  • Жалпы хирургия – 3;
  • Неврология ересектердің, балалардың – 3;  
  • Терапия мамандығында үш маман білім алады.

Жауапты басқарма өткен жылы университеттерде математика мұғалімдерін даярлау, хореография, орман шаруашылығы, механика және металл өңдеу, қоршаған орта, медицина, дін істері, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бойынша онкология және гематология балалардың, кардиология ересектердің, балалардың, гастроэнтерология ересектердің, балалардың, инфекциялық аурулар ересектердің, балалардың, акушерия және гинекология ересектердің, балалардың, радиология мамандығы бойынша білім беру гранттары бөлінгенін хабарлады.

Жас түлектердің қай оқу ордасында білім алатыны әзірге белгісіз. Университеттерді конкурс арқылы анықталмақ.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің грантына Ақжайық өлкесінің түлектері қатыса алады. Грантқа ие болған жас мамандар облыста бес жылдай жұмыс істеуі шарт. Алайда келісімшартты орындамай, гранттың қаржысын мемлекетке кері төлегендер де бар екен.

Естеріңізге сала кетейік, әкім гранты беру 2017 жылдан басталды. Күні бүгінге дейін 781 жас түлек гранттың жеңімпазы атанды. 2017-2018 оқуға түскен жас мамандар ауылдық жерде білім, өнер, дін, ауыл шаруашылығы саласында еңбектенуде.


Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp