БҚО-да «Жыл үздігі-2025» жастар байқауына құжаттар қабылдау басталды

14 пен 35 жас аралығында жастар құжаттарын 20 қазаннан бастап 20 қарашаға дейін тапсыра алады.

БҚО-да «Жыл үздігі-2025» жастар байқауына құжаттар қабылдау басталды
БҚО ӨКҚ фотосы

 Батыс Қазақстан облысында жастарға арналған «Жыл үздігі-2025» байқауына құжат қабылдау басталды. Биыл жастар құжаттарын 20 қазаннан бастап 20 қарашаға дейін өткізе алады. 2025 жылы ұйымдастырылатын іс-шара тоғыз аталым бойынша өтпек. 

  • «Үздік жас ақын»;
  • «Үздік студент»; 
  • «Үздік жас ғалым»; 
  • «Үздік жас талант»; 
  • «Үздік жас кәсіпкер»; 
  • «Үздік ауыл патриоты»; 
  • «Үздік медиа маман», «Үздік жастар ұжымы» және «Үздік жұмысшы маман» аталымы бойынша үздіктер анықталады.

— «Жыл үздігі – 2025» — Батыс Қазақстан облысындағы жастардың шығармашылығын, көшбасшылығын, қоғамдық белсенділігін, кәсіби жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған жыл сайынғы өңірлік мәртебелі марапат. Байқау облыстың барлық аудандары мен Орал қаласының жас азаматтарын қамтиды. 15 жыл көлемінде дәстүрлі түрде оздырылатын байқау осы кезге дейін 150-ден аса жас таланттар мен ғалымдарды қамтып, облыс жастарына жаңа дем, шығармашылық тыныс беріп келеді,—  дейді Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Мирфат Бисекенов. 

Байқауға 14 пен 35 жастағы жандар қатыса алады.

—  Үміткерлердің тек 2024–2025 жылдары жеткен жетістіктері ескеріледі. «Жыл үздігі – 2023» премиясының жеңімпаздары биылғы жылы қайта қатыса алмайды. Құжаттар 2025 жылдың 20 қазанынан 20 қарашасына дейін қабылданады. Өтінімдер тек электронды түрде, «Жыл үздігі – 2025» деген белгімен [email protected] поштасына жіберіледі. Үміткерлер сауалнама, сондай-ақ 2024–2025 жылдардағы жетістіктері толық рәсімделген портфолио қоса тапсыруы тиіс, —  деді «Орал студенттер альянсы» корпоративтік қорының директоры Тасболат Серікқалиев.  

Үміткерлерді арнайы құрылған комиссия іріктейді. Ал, байқаудың салтанатты марапаттауы желтоқсан айында өтпек.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp