БҚО-ның 150 жас боксшысы ашық турнирде бақ сынауда
Турнирге барлығы 12 команда қатысуда.

Мамырдағы басты мерекеге орай Бөкейорда ауданында алғаш рет 2012-2015 жылдар аралығында туған жасөспірімдер арасында бокстан ашық турнир өтуде. Облыстық аламанның басты ұйымдастырушысы - аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебі. Үш күнге жоспарланған бұл турнирге Орал қаласынан, Теректі, Бәйтерек, Қаратөбеден, көршілес Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарынан 12 команда қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша,150 балғын боксшымыз шаршы алаңда бақ сынамақшы.
Бокс бәсекесі әдеттегідей мемлекеттік әнұранмен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов сөз алып, қатысушыларға «Қош келдіңіздер!» деп, байрақты бәсекенің сәтті өтуіне тілектестігін білдірді. Бәсекенің бас төрешісі Асланбек Сармалаев та сөз алып, төрешілерге әділдік, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Алғаш рет өткізіліп отырған ашық турнир ордалық Алихан Мұханбетқали мен Қайыңды командасының мүшесі Назарбек Қуанның боксымен басталды. Алиханымыз жақсы ойын үлгісін көрсетіп, қарсыласынан басым түсті.
Бірінші мүшелге енді шыққан балғын боксшыларымыздың қоржындары жүлдесіз емес. Біз тілдескен оралдық Нұралы Есетов пен жәнібектік Мерейхан Қамиттердің бокста жүргендеріне бес жылдай бопты. Бұған дейін де талай турнирдерге қатысып, жүлде алған. Спорт шеберлігіне кандидаттар. Бірі облыс орталығында, екіншісі Жәнібекте тұратын екеуді таныстырған да, табыстырған да осы бокс деседі.