БатысҚазақстан облысында «Қаладан ауылға» бағдарламасымен ауылдық жерге қоныс аударған отбасылар баспаналы болды. Жеті жанұя Казталов ауданына қарасты Сарықұдық ауылдық округінің ауылдарында қоныс тойын тойлады. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бағдарлама аясында Сарықұдық ауылдық округіне қарасты бірнеше ауылға 42 адам қоныстаныпты. Олардың ішінде 28 бала көшіп келген.

«Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында ауданымызға соңғы жылдары бірнеше отбасы қоныс аударып, ауыл өміріне жаңаша серпін беріп отыр. Бұл ауылымыздың болашағына деген сенімнің артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Ең бастысы, қоныс аударған отбасылардың арасында мектеп жасындағы балалардың саны көбейіп, білім беру ұйымдарының жұмысына тың серпін беруде. Өздеріңізге белгілі, ауылдағы мектеп тек білім ордасы ғана емес, ол ауылдың тіршілігінің, рухани өмірінің жүрегі іспетті. Егер ауылда бала болса мектеп жұмыс істейді, мектеп болса ауылдың болашағы бар. Сондықтан елді мекендеріміздегі мектептер мен әлеуметтік нысандарды сақтап қалу, олардың жұмысын тоқтатпау біздің басты міндетіміздің бірі, — деді Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов.

Ауданда баспалы болған жанұялардың бірі — Хайыровтар отбасы. Олар облыс орталығында 12 жылдай пәтер жалдап тұрған. Ауылға қоныстанған Ықылас Хайыров бағдарламаның шарапатына айтып, бұл шешімінің оң тұстарын жіпке тізді.

«Қаладан – ауылға» жобасы – ауыл өміріне жаңа мүмкіндік беретін өте маңызды бастама деп есептеймін. Бүгін жаңа баспананың кілтін алып, ерекше қуанышқа бөленіп отырмыз. Ауылдың табиғаты таза, тыныш әрі балаларды тәрбиелеуге қолайлы орта қалыптасқан. Ең бастысы – мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетіліп жатқаны бізге үлкен сенім береді, — деді Беспішен ауылының тұрғыны атанған Ықылас Хайыров.

Батыс Қазақстан облысында ауыл халқын тұрақтандырып, елдімекендерде өмір сүремін деген жанұяларды қолдау үшін «Қаладан ауылға» бағдарламасы іске асып жатыр. Жоба 2024-2026 жылдарға арналған.