26 қаңтарда таңертең ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші аусымда оқитын 341 мектептің оқушылары қашықтан білім алды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының мамандары хабарлады. Басқарма таратқан ақпаратқа сүйенсек, Орал қаласында бастауыш сынып оқушылары, Бәйтеректе 1-9 сынып, Теректі ауданында 1-11 сыныптың оқушылары қашықтан білім алды. Білім беру қызметкерлері онлайн оқу жайлы таңғы алты жарымнан бастап хабарлаған еді.

Министрлік бекіткен бұйрығына сәйкес, елімізде ауа райы -25 градус аяз болып, желдің жылдамдығы екі метр секундына болса, 1-4 сыныптың оқушылары қашықтан оқуға көшеді. Күн райы 27 градус нөлден төмен болып, желдің жылдамдығы екі метр секундына соқса, 1-9 сыныптың оқушылары онлайн оқиды. Ал -30 градус аяз болып, ауа температурасы бұдан да салқын болса, 1-11 сыныптың оқушылары мен колледждің бірінші курсында оқитын студенттер үшін оқу процесі қашықтан ұйымдастырылады.

25 қаңтарда Ақтөбе облысының білім басқармасы дүйсенбі күні барлық оқушылар қашықтан оқиды деп хабарлаған еді. Батысқазақстандық ата-аналар аязға байланысты оқу процесін ұйымдастыру жайлы хабарламалардың неліктен ерте айтпайтынын сынға алуда. Осы сауалға облыстық білім басқармасының мамандары жауап берді.

– Бізге «Қазгидромет» мекемесі таңертең хабарлайды. Қашықтан оқытуға байланысты №349 бұйрық бар. Бірінші маусымды таңғы уақытта хабарлауымыз керек. Бұйрыққа сәйкес оқушылар үшін таңғы сағат 6.45-тен бастап хабарлаймыз. Одан да ерте хабарлауымыз мүмкін. Сағат 6:10-де, 6:15-де. Хабарлама ата-аналардың чаттарына жолданады. Телевидение арқылы хабарлаймыз. Ата-аналарға СМС хабарлама келеді. Екінші аусым үшін хабарламаны сағат 11:15-тен бастап хабарлауымыз қажет. (...) Әр аудан орталықтарында «Қазгидрометке»

бағынатын мекемелер бар. Әр ауданда температура әртүрлі болады. Соған сәйкес олар қандай температураны көрсетіп отыр. Сабақтар соған сәйкес жүргізіледі, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беруді дамыту бөлімінің бас маманы Мейрамгүл Жұмағұлова.

Облыстық білім басқармасының таратқан ақпаратқа сүйенсек, облыс орталығында екінші аусымда оқитын оқушылар дәстүрлі форматта білім алмақ. Себебі ауа температурасы «Қазгидрометтің» мәліметіне сәйкес, Оралда түскі уақытта -23 градус көрсеткен.

Екінші аусымда оқитын оқушыларды ауа райының қолайсыздығына байланысты сабақ уақытын қысқарту немесе ерте тарату жайлы шешімді мектеп әкімшілігі қабылдайды екен.