Батыс Қазақстан облысында аурухана гаражының боксында тұрған көлік өртенді. Оқиға Бәйтерек ауданына қарасты Дариян ауылында орналасқан №2 аудандық аурухана аумағында болған. Гараж медициналық мекемеден бөлек орналасқан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің таратқан ақпарына сүйенсек, тілсіз жауды сөндіруге 16 маман, төрт техника жұмылдырылған. Абырой болғанда қызыл жалыннан зардап шеккендер жоқ.
Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы: «медициналық ұйым штаттық режимде жұмыс істеп тұр»,– деп хабарлады.
– Өрт аурухананың негізгі ғимаратына әсер еткен жоқ. Пациенттерге медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде,– деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.