«Мой город» ақпарат агенттігінің редакциясына Теректі ауданына қарасты Шалқар ауылының тұрғындары «Сарыөмірге қатынассыз қалдық», деп хабарласты. Шалқар мен Сарыөмірді жалғайтын жолды үнемі қар басып қалады екен. Соның кесірінен адамдар көрші ауылға қатынаса алмай отыр. Шалқарда азық-түлік дүкені жоқ. Тұрғындар тамақ алу үшін ауыл әкіміне хабарласып, жолды даумен аршытып алады екен. Елдімекенде 20-дан астам отбасы өмір сүреді.

— Бізді жол мәселесі мазалайды. Қыста жол болмайды. Екі ортаға (Сарыөмір ауылына-ред.автор) қатынаса алмай жатырмыз. Мердігерлер жолды қырады деп айтады. Келіп жатқан мердігерді көрмейміз. Орталықта бір балаға өтініш айтады. Ол анда-санда Белорусьпен (трактордың маркісі-ред. автор) қырып кетеді. Белорусь әлсіз. Ол қарды қыра алмайды ғой. Бізге үлкен автогридер келіп қырмаса, былай қыра алмайды. Жолды қырып бергенде, ертеңіне қайта басып тастайды. Біздерге жолды көтеру керек. Жұмыстарды қара күзде бастады. Жер қатып қалғасын тастады. Көктемде, жазда келіп жасайды, деп жатыр. Бірақ оны білмеймін, - деп шағымданды ауыл тұрғыны Айжан Исламғалиева.

Шалқарлықтардың балалары Сарыөмірде орналасқан интернетта жатып, білім алады. Оқушылар аптасына бір рет үйіне келеді. Балалардың тасымалын ұйымдастыру үшін тұрғындар ауыл әкіміне хабарласып, жолды қардан тазартады екен.

  Жолда қалатындар бар. Азаматтар бір-бірінің көлігін сүйреп алып шығады. Ауылда азық-түлік сататын дүкен жоқ. Тамаққа баруымыз керек. Сол уақытта бізде кішкене қиыншылық болады, –деді шағымданды Шалқар ауылының тұрғыны.

Мәселенің мән-жайын білу үшін Шалқар ауылдық округінің әкімі Шынтемір Тілешжанға хабарластық. Атқамінер ауыл таудың етегінде орналасқандықтан, аршылған жолды жаяу борасын жауып тастайтынын тілге тиек етті. Жаяу борасын деген — боранның бір түрі. Тек жел соққанда қар аршылған жолды жауып тастайтын көрінеді. Сарыөмір мен Шалқар ауылының арасының алты шақырымды құрайды. Әкім жолды қардан тазалап, аршылып жатқанын жеткізді. Шалқар мен Сарыөмірді жалғайтын жолды «Жайық жол құрылысы» мекемесі тазалайды. Мердігердің техникасы қос ауылдың арасын кейде 5-6 күнде, кейде 3 күнде бір тазалайтын көрінеді. Мемлекеттік сатып алуды аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұйымдастырыпты.

— Біздерде (Шалқар ауылы-ред. автор) таудың етегінде болғасын, қар басып тастай береді. Күнде жаяу борасын жүреді де басып тастайды. Екі күн сайын кейде бір күн сайын аршимыз. Кеше арнайы техника келіп кетті. Кеше сағат алтыларда қарды аршып бітірген болармыз. Кері келе жатқанда жолды қар жауып жатырды. Биыл қыс та қаттылау болып тұр. Күнде боран. Біздерде «Жайық жол құрылысы» деген мердігер ұтып алған. Олар қаладан келеді. Жолшыбай басқа округтерді аршиды. Кейде кішкене кешігіп келеді. Үлгере алмайды. Ауыл ішінде жолды қыратын «МПЗ» тракторымызды өтініш айтып, жіберіп, (Шалқардың жолын-ред, автор) қырдырамыз. Ол трактор ауылдың ішін қырады. Бірақ оның кейбір жерлерге әлі келмейді. Кеше Асхат деген жігіт қырып кетті. Алдыңғы күні Дунаны қырды. Кеше Шалқарды қырды. Кеште бітіріп кетті. Бүгін жолды қайтадан басып тастады. Кеше ауылдың ішіне дейін техника барып қырып кетті. Ауыл тұрғындары қалай көрмейді? Кеше өзім арнайы бардым. Ауылдың ішін қарап шықтым. Қарама-қарсы келе жатқанда жолды кері басып жатты. Үлгере алмай жатырмыз. Ауылдың іші де солай. Биыл қар көп, – деді Шалқар ауылдық округінің әкімі Шынтемір Тілешжан.