БҚО-да балаларға арналған оңалту орталығы ашылмақ

Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері мәлімдеді.

БҚО-да балаларға арналған оңалту орталығы ашылмақ
Автордың фотосы

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры өткен жылы Батыс Қазақстан облысында  су тасқынынан зардап шеккен жанұяларға баспана тұрғызды. Қоғамдық қордың баспананың құрылысы үшін 3,1 миллиард теңге қаржы бөліпті.

 — 2024 жылы су тасқынының салдарынан зардап шеккен жандарға «Қазақстан халқына» қоры Қазақстан бойынша 627 үй салды. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында, Сырым ауданында 114 баспана салуға қаржы бөлінді. Жымпиты ауылында 48 үйдің 36 осы «Қазақстан халқына» шағын ауданында бой түзеді, — деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының аға менеджері Динара Нұрқасымова.

Өткен жылы қызыл судан зардап шеккендердің бір — Жұмағамбет әулеті. Серік Бейсұлының бұрынғы үйі Өлеңті өзенінің бойында орналасқан. Апат айтып келмейді. Санаулы сағаттың ішінде тілсіз жау еңбекпен салынған баспананы басып, тұруға жарамсыз қылыпты. Сырымдық отбасы қиындықты елмен еңсерді. Оларға «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен 80 шаршы метрді құрайтын жаңа үйді тың орында салып беріпті. Жанұя қонысында бір қыстады. Олар үйдің жылы, жайлы отанасы Қанбибі Манабайқызы айтып берді.

— 2024 жылы 27 наурызда су тасқыны болып, зардабын шеттік. Сағат төрттен кете басталды. Сол күні барлығымызды балаларымыз шығарып алды. Су тез келді, білмей қалдық. Бастамасы қиын болғанымен, аяғы жақсы болды. Бәрімізге үй берді. Казселхозда тұрдық. Өзеннің жағасында. Ана өзімізде жеке үйіміз болды. Барлығын балаларымыз салып еді. Қиын кезде қорықтық. Енді қалай болады? Не істейміз деп? Екі баламмен тұрамыз. 80 квадрат метр. Бәріне де солай берілді. Жылы, жақсы бәрі, — деді Жымпиты ауылының тұрғыны Қанбибі Тумағали.

Су тасқынынан зардап шеккендердің бірі – Мақтым Шығанақова. Тілсіз жаудың кесірінен бұрынғы баспана тұруға жарамсыз деп танылған. Мақтым апай жаңа қонысына риза. Ол жаңа үйінде жолдасы, бала келіні мен немелерімен тұрады.

— Бұрыннан осы жерде тұрамыз. Осы ауылда туып-өскенбіз. Тұратын үйіміз біраз жыл болған еді. Су тасқыны кезінде баспанамыздың жартысына дейін су басты. Әрбір қиындықтың бір жақсылығы болады. Қордың арқасында осы үйді салып берді. Соған көп-көп рақмет айтамыз! Баспанамыз қыста да жылы болды. Қазір де жылы. Көршілеріміз отты қосып қоямыз деп айтады. Біздер әлі күнге дейін терезе ашамыз, баспана жылы, жап-жарық, — дейді Жымпиты ауылының тұрғыны Мақтым Шығанақова.  

Сырым ауданы әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, тілсіз жаудан аудандық электр торабы, төтенше жағдайлар бөлімі, Сырым колледжінің жатақханасы мен Өлеңті ауылының жатақханасы зардап шеккен. Барлық ғимарат қайта салынып, пайдалануға берілген. Ауданда 152 жаңа үй бой көтеріп, 111 баспана жөнделіп, екі қонысты сатып алған.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры су тасқынынан зардап шеккендерге үй салудан бөлек, облыстың мәдениет пен спорт нысандары мен тірек мектептерді жабдықтады. Жалпы үш жылдың ішінде қоғамдық қор өңірге 11,3 миллиард теңге қаржы құйып, 24 қайырымдылық жобаны іске асырыпты.

«Қазақстан халқына» қорының Батыс Қазақстан облысында қанатқақты жобасының бірі — ауыл кітапханаларын модернизациядан өткізу. Жобаның арқасында 25 мәдениет ошағы жаңарды. Кітапханалардың бесеуі Бәйтерек ауданында орналасқан. Дариян ауылдық округінде жұмыс істейтін модельді балалар кітапханасында Jana klub коворкинг орталығы болып құрылды. Мұнда балаларға арналған үйірмелер, ересек адамдарға шебер сыныбы, аспабтармен жабдықталған музыка кабинеті мен балалар коворкинг орталығы жасақталған. Кітапханашылар жаңашылдықтың арқасында оқырман саны артқанын хабарлады.

— Бәйтерек ауданында Дариян ауылдық балалар модельді кітапханасы, Щапов ауылдық кітапханасы, Рубежин ауылдық кітапханасы және Үлкен Шаған ауылдық кітапханасы мен  аудандық кітапхана модернизациядан өтті. Бүгінгі таңда бұл кітапханалар оқырмандар тек келіп кітап алып орын ғана емес, қайта жаңғыртудан кейін үлкен қауымның келіп, демалып, компьютерлерден жеке жұмыстары болсын, түрлі шеберлік сыныбы мен түрлі шараларға қатысатын орынға айналды. Мәдениет ошағында әртүрлі үйірмелер ашылды. Кітапханалардың жасақталуы бірдей емес. Мысалы, Рубежин ауылының кітапханасында дыбыс жазу студиясы бар. Кез-келген адам өлең немесе поэзия жаза алатын мүмкіндікке ие, — дейді Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Жеңісгүл Жаңабаева.

Бәйтерек ауданында кітапханаларды жабдықтау үшін «Қазақстан халқына» қоры 131,7 миллион теңге қаражат жұмсапты.

— Мәдениет саласында флагманды жобамыз деп ауыл кітапханаларында комьюнити-орталықтарын ашуды айта аламыз. Бұл жобаны тек Батыс Қазақстан облысында ғана жүзеге асырамыз. Өңірде 25 кітапхана базасында жаңа клуб ашылды. Дариян кітапханасын жабдықтау үшін 800 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді, — деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының аға менеджері Динара Нұрқасымова.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Батыс Қазақстан облысында балаларды оңалту орталығын ашпақ. Әлеуметтік нысан Ақжайық ауданында бой түзейді деп жоспарланып отыр. Жаңа жоба келесі жылдың аяғына дейін іске қосылмақ.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp