Әлеуметтік желіде «Жалпақталда газ құбыры жарылды»,– деген видео таралды. Аталмыш бейнежазбадан газ құбырынан белгісіз заттың көкке атқырап жатқанын көруге болады. Оқиғаның мән-жайын білмек мақсатта құзырлы органдарға хабарластық.

Жауаптылар алтыншы маусымда Казталов ауданына қарасты Серік елді мекенінің тұсында жөндеу жұмыстары барысында магистралды газ құбырын ауамен сынақтан өткізу барысында ақау шыққаннын хабарлады. Құбыр «Интергаз Орталық Азия» Акционерлік қоғамына тиесілі екен. Акционерлік қоғамның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиал директоры Абай Байкулов оқиғаның мән-жайы бойынша ақпарат берді.

– Казталов ауданы, Серік елді мекені тұсында жөндеу жұмыстары жүріп жатқан магистралды газ құбыры нысанында ауамен сынақтан өткізу барысында ауа айдайтын сығымдағыш (компрессор) коллекторінен ақау шығып (утечка), ішіне жиналған жоғарғы қысымдағы ауа атмосфераға шығуда. Батыс Қазақстан облысы аумағымен жүретін магистралды құбыр, газ тарату жүйелеріне зақым жоқ. Тұрғындарға, елді мекендерге де ешқандай қаупі жоқ. Нысан жыл басынан жөндеуге шығарылғандықтан, газ тұтынушыларға әсері жоқ. Жабдықтағы ақау жойылғаннан кейін ауамен сығымдау жұмыстары (пневматическое испытание) әрі қарай жалғастырылады, – деп хабарлады «Интергаз Орталық Азия» АҚ БҚО филиалының директоры Абай Байкулов.