Оралда әдеп жөніндегі кеңес өтті. Кеңесте Жаңақала ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Светлана Беккалиеваның ісі қаралды. Ол 2025 жылдың желтоқсанында өткен аудандық мәслихат сессиясында «қатын сияқтысыңдар» деген. Бұл сөз Жаңақала аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Руслан Оразалиевке жақпай қалып, әдеп жөніндегі кеңеске арыз жазған.

- Тексеру нәтижесінде материалдарға, бейнежазбаларға сәйкес бөлім басшысы Беккалиева 2025 жылдың 29-шы желтоқсанында Жаңақала аудандық мәслихатының №34 сессиясында қатысушыларға «қатын сияқтысыңдар», деген сөздер айтқаны расталды. Жаңақала ауданының әкімімен ұсынылған қызметтік мінездемеде бөлім басшысы Беккалиеваның ауыл шаруашылығы саласын жетік меңгерген білікті маман екендігін, басшылық қызметте, агрокәсіптік кешенді дамытуы, ауылдық жерде кәсіпкерлікті қолдау, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор үлес қосқандығын және бастамасымен бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылып, өңірдегі ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісі мен сапасы артқандығы аталып, тек жақсы жағынан сипатталған, - деді Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Дулатбек Молдағалиев.

Бас маман Светлана Беккалиеваның Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Құрмет грамотасы", "Ауыл шаруашылығының үздігі" төсбелгісі және облыс пен аудан әкімінің "Алғыс хатымен" марапатталғанын айтты. Бөлім басшысы бір жылда тәртіптік жазаға тартылмаған.

Кеңес мүшелері Светлана Беккалиеваға сөз бергенде, ол қобалжып, көзіне жас алды. Оның атынан Жаңақала ауданының әдеп жөніндегі уәкілі Надежда Тасмағамбетова сөз сөйледі. Аудандық әдеп жөніндегі уәкіл Светлана Беккалиеваның мемлекеттік қызметте 26 жыл бойы еңбек етіп келе жатқанын атап өтті. Ол бөлім басшысының адвокат жалдап, Алматыдан арнайы «қатын сияқтысыңдар» деген сөзін сараптамадан өткізгенін де тілге тиек етті. Ол сараптаманың қорытындысын кеңес мүшелеріне ұсынды. Сараптама қорытындысына сәйкес «қатын» деген сөз бейәдеп сөз еместігі өз дәлелін тапқан.

Ал, Светлана Беккалиева тексерушілердің өзі біраз қателік жібергенін жайып салды. Ол тексеру құжаттарында өзінің фамилиясы жоқ екенін айтты. Тіпті Светлана Сәрсенбаевна олқылықтарды мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне де ескерткен. Бөлім басшысы аудандық мәслихат сессиясында болған жайтқа қатысты ойын айтты. Ол мәслихат сессиясында тыныштыққа шақырып, төбелестің алдын алмақ болған.

- Ардагерлер келіп, милиция (полиция-ред.автор) шақырып, у-шу басталып кетті. Кешірім сұраймын. Мен эмоцияға беріліп, «тынышталыңыз», деген алдында сөз жоқ. «Тынышталыңызшы, қатындар сияқты шуламай», дедім. Менің айтқаным шын. Маманыңыз бірінші рет келгенде де тап солай айттым. Мен до словно не помню. Бірақ қатын сияқты шуламаңдар деп айттым. Және мен сізге (Мұрат Байсалов, департамент басшысы - ред.авторы) қабылдауға барғанда сіз: «Әйелдер сияқты шуламаңдар» десең, онда этика бұзбайсыз», деп айттыңыз. Қазір басқаша айтып отырсыз. Бұл сіздің сөзіңіз. Мен сонда сізге: «Әйел мен қатын деген сөздің мағынасы бір емес пе? Синоним емес пе?», дегенде, сіз : «Әйелдер деген мағынасы басқа», деп айттыңыз. Мен келіспеймін деп қол қойдым. Саматқа да айттым. Кішкене процедураларда қате болғанын білемін. Басынан бастап келіспедім. Мен тыныштыққа шақырдым. Шынын айту керек, видеоны соңына дейін қарасаңыз, ана жерде төбелеске жақындады. У-шу басталып кетті.(..) Мен Ресей жақта туып-өстім. Біздер жақта мысалы «Қатындар жиналайық. Қатындар кеттік», деп айта береді. Менің лексикономды сондай сөзім бар, - деді Светлана Беккалиева.

Светлана Беккалиеваның ісін қараған кеңес мүшелері мәселені біраз талқылады. Бірі — «қатын» деген қазақтың сөзі десе, енді бірі-мемлекеттік қызметкер жиындарда әдеп нормаларын сақтау керек деген пікірін ортаға салды. Кеңес мүшелері бөлім басшысына ескерту түріндегі тәртіптік жаза берді. Дауыс беру барысында үш адам бұл шешімге қарсы шықты. Кеңес мүшелері бөлім басшысына әдеп жөніндегі тәртіптік жаза туралы құжатты алып, сотқа шағымдануға кеңес берді.