Әлеуметтік желіде қоқыс полигонында қан сараптамасының қалдықтары топыраққа жартылай көмілген видео тарады. Сараптама қалдықтары қапшыққа салынған. Бейнежазбадан қапшық топырақпен жартылай көмілгенін көруге болады. Тұрғындар медициналық қалдықтардың су айдынына жақын маңда көмілгенін сынға алып, ауру тарайды деген қорқынышын жасырмады. Кейін ауылдық ағайын оқиға орнына кезекші прокурорды ала келдік деп, бірнеше ер адамның полигонда жүрген видеоны жариялады.

Қан сараптамасының қалдықтары Бәйтерек ауданына қарасты Байқоныс ауылының қоқыс полигонында көмілгені анықталды. Оқиғаның мән-жайын мақсатта «Мой город» ақпарат агенттігінің редакциясы полиция департаменті, облыстық прокуратура, облыстық санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаментіне сұрау салдық. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі: "Осы оқиға бойынша тексеру жұмысы басталғанын, қазіргі таңда қалдық табылған жер қоршауға алынды",-деп хабарлады.

Ал, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі бесінші маусымда Байқоныс ауылының қоқыс полигонында медициналық қалдықтардың, оның ішінде шрицтер, инфузиялық жүйелер мен биологиялық материалы бар сынауықтардың анықталғанын мәлімдеді.

– Аталған факт бойынша материал ішкі істер органдарында тіркелді. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қалдықтарды медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау және жою қызметін жүзеге асыратын ұйым шығаруы мүмкін. Қазіргі уақытта аумақ құзырлы органдардың бақылауында. Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі аталған жайт бойынша қосымша ақпарат беріледі деп хабарлады.

Алайда медициналық қалдықтар неліктен қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған қоқыс полигонында көмілген? Медициналық қалдықтарды жою үшін қандай компания тендер ұтып алды? Полигонда табылған медициналық қалдықтар қай мекемеге тиесілі? Медициналық қалдықтар қалай жойылу керек деген сауал көпті алаңдатып отыр.