Батыс Қазақстан облысында жол салатындар бюджет қаражатын жымқырды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Қылмыс 2023 жылы Сырым ауданында болған. Ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Жымпиты ауылында жол салу үшін тендер ұйымдастырды. Тапсырыс беруші тарап пен мергідер 259 миллион теңге болатын келісімшартқа қол қойған. Мемлекеттік сатып алуды «Сапак» өндірістік кооперативі ұтқан.

– «Сапак» ӨК директоры «Ак-Би» ЖШС-нің директоры сөз байласып, сеніп тапсырылған қаражатты иемдену схемасын ұйымдастырған. Күдіктілер орындалған жұмыстар актілеріне жалған мәліметтерді жүйелі түрде енгізіп отырған. Құжаттарда асфальт төсеу, жер қазу, бетондау, су құбырларын жүргізу және басқа да жол жұмыстары толық көлемде көрсетілгенімен, іс жүзінде олар орындалмаған немесе әлдеқайда аз көлемде атқарылған, – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Жалған актілер негізінде тапсырыс беруші бюджет қаражатын «Сапак» ӨК-нің есепшотына аударып отырған. Кейін қаражатты схемаға қатысушылар бөліп алған. Осылайша күдіктілер мемлекетке 56,5 миллион теңге залал келтірілген.

Сот санкциясымен күдіктілердің бірінің пәтеріне тыйым салынды. Оларға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданған.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде Сырым ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы өкілетін асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Ол үш жыл, алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

БҚО-да мемлекетке 56 млн теңге шығын келтірген шенеунік сотталды