Батыс Қазақстан облысының бюджеті 38,6 миллиард теңгеге нақтыланды. Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы отырысы өтті.
Қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев қаражаттың қайда жұмсалатынын жіпке тізді.
Бюджеттің шығысы 525,2 миллиард теңгені құрайды. Бөлінген қаражат бұрын басталған жұмыстарды аяқтауға бағытталған.
Қазына қаржысының 2,6 миллиард теңгесі әлеуметтік салаға бағыталмақ. Бұдан өзге білім беру саласына - 1,1 миллиард теңге, мәдениет және спорт саласына- 685,2 миллион теңге, денсаулық сақтау саласына – 616,3 миллион теңге және әлеуметтік қамсыздандыру саласына - 224,9 миллион теңге бағытталмақ. Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғауға 1,3 миллиард теңге бағыттау жоспарланып отыр.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 30,5 миллиард теңге бағытталады. Оның ішінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жалға берілетін пәтерлерді, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына тұрғын жай, тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға пәтерлерді сатып алуға, сонымен қатар тұрғын үй сертификаттарын беру үшін 11,5 миллиард теңге бағытталады. Газбен жабдықтау құрылғысына Ақжайық, Теректі, Жаңақала, Жәнібек және Бәйтерек аудандары, бұған қоса Орал қаласы бойынша аталған шығыстар 10,1 миллиард теңгені құрайды. Сумен жабдықтау және су бұру желілері реконструкциялау және салуға 4,6 миллиард теңге, Бөкей Ордасы, Сырым, Бөрлі, Теректі ауданы және Орал қаласына мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен жүзеге асырылатын болады. 2,5 миллиард теңге инженерлік-инфрақұрылым құрылысын аяқтауға бағытталады, – деді Нұрлан Есенғалиев.
Өңірдің бас қаржыгері Нұрлан Есенғалиевтың есебін тыңдаған депутаттар Орал қаласында салынатын дамыту-шығармашылық орталығының құрылысы жайлы сұрады. Орталық Зачаган кентінде бой түземек. Жоба келер жылы 2027 жылы басталады деп күтілуде. Биыл орталықтың жобалық-сметамалық құжаттамасын жасақтап, жұмысы басталады екен.
Депутат Мереке Ғабдуалиев Сырым ауданы әкімдігіне бір миллиард теңге неге аударылады деп спикерді сұрақтың астына алды.
- Сырым ауданы бюджетінің кіріс бөлігі жыл соңына дейін орындалмау қаупі бар. Бұл шығындарды өтеу деген. Осы жылға қарастырылған шығыстарды толық көлемде қаржыландыруға. Әрине, бұл қаражат жетпейді. Жылдың соңына дейін Сырым ауданының бюджеті 1,5 миллиард теңгеге жуық қаржы орындалмау қаупі бар. Кезінде үш жылдық бюджетті жоспарлағанда көптеген ірі компаниялардың салық төлеушілері ретінде сол Сырым ауданында тіркелген болатын. Қазіргі таңда компаниялар тіркеу орындарын ауыстыруына байланысты күні бүгінге бес айдың қорытындысы бойынша Сырым ауданының бюджетіне жағдайы мүшкіл деп айтуға болады, – дейді Қаржы басқармасының басшысы.
Облыс бюджетін мәслихат депутаттарының барлығы дерлік қабылдады, бір депутат дауыс беруден қалыс қалды.
Сессия барысында халық қалаулылары жол жөндеу, «Іскер аймақ» бағдарламасына балабақшасы бар кәсіпкерлерді қосу және жақында түрлі ақпарат құралдарында жарияланған медициналық мекемелердің ұсталғаны жайлы мәселені көтеріп, медициналық мекемелердің басшыларын тағайындайтын бақылау кеңесін тарқатуды ұсынды. Облыс әкімі орынбасары Тілепберген Каюпов медициналық мекемелердің басшыларына қатысты пікірді соттың үкімінен соң, білдіруге болатынын еске салып, медицинадағы бақылау кеңесін тарқату үшін жұмыс тобы құрылатынын жеткізді.