Соңғы жылдары елімізде электронды темекені саудалауға тыйым салынды. Бірақ соған қарамастан вейпті саудалап, оны тұтынып жүргендер көп.

Батыс Қазақстан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаменті таратқан ақпарға сүйенсек, өткен жылы өңірде вейп саудасына байланысты үш іс тергелген. Бір істе заң бұзғандар Телеграм арнасы арқылы саудалағысы келсе, қалғанында тыйым салынған затты ел аумағына алып кірмек болыпты. Сала мамандары былтыр өңірде 281 дана вейптің тәркіленгенін хабарлады.

Биыл да Батыс Қазақстан облысында бұл қылмыс тіркелген. Заң бұзғандар электронды темекіні елге алып кірмек болыпты. Жылқы жылында 50 дана вейпті тәркілеген.

Электронды темеке буыны бекімеген жастарға қандай залал келтіреді? Вейпті көп тұтынған адамның организмі қалай өзгереді? Осы сауалдарымызға аймаққа танымал психиатр-нарколог дәрігер Нұрлан Сатанов жауап берді.

Нұрлан Фатихоллаұлы, электронды темекіге жастар әуес. Тіпті жасөспірімдер вейп тартады. Осы зиянды әдеттің зардабы қандай?

— Бізде электронды темекіні вейп, шағын калиян деп жатады. Соңғы бес-алты жылда жастар арасында осыған қызығушылық артты. Жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттерден өзге мектепте оқитын оқушылар да соны тұтынып, түрлі жағдай болып жатты. Біздер салауатты өмір салты деп жастармен жұмыстанамыз. Соның ішінде оқушылармен жұмыстанамыз. Электронды темекі, вейпті көбі түсінбей жатады. Ол зиянды. Вейп — темекенің бір түрі. Оның зиянды екенін көбі түсіне алмайды. Осы электронды темекенің құрамында пропиленгликоль, глицерин мен никотин болады. Электронды темекіні қалта ұстап жүреді. Оның аккумуляторы болады. Вейп шағын құрылғы батарейкамен жұмыс істейді. Оны қолданғанда пропиленгликоль бөлінеді. Пропиленгликоль адам ағзасына енетін болса, бірінші адамның психикасына әсер етеді. Электронды темекінің майлы түтіні өкпеге зиян. Майлы түтін өкпеден ұзақ уақыт бойы шығып болмайды. Зиянды зат, адамның иммунды жүйесіне әсер етеді. Адам ағзасы түрлі инфекциямен күресе алмайды. Иммунды жүйені жоятын заттардың бірі — пропилен деп аталады. Соның кесірінен адамның қаны бүлінеді, ерте қартаяды. Вейптердің құрамында дәмдеуіш, диацел болады. Диацел – біріншіден жастардың эндокринді жүйеге әсер етеді. Болашақта ұлдарымыз әке, қыз балаларымыз ана болу қабілетіне кедергі әкелуі мүмкін. Бұны екінің бірі түсіне бермейді. Сондықтан осы мәселеге көңіл аударса деймін, – деді облыстық психо-наркологиялық диспансердің психиатр-нарколог дәрігері Нұрлан Сатанов.

Біздерде электронды темекенің кесірінен созылмалы сырқатпен ауырып жүрген науқастар бар ма?

— Біздерде оны ешкім зерттеп жатқан жоқ. Онымен ешкімнің әлі ісі жоқ. Негізі үлкен қалаларда Астана сияқты кейбір ауруларды сұрастыра келе емге көнбейтін өкпе ауруы, емге көнбейтін брионциалды сырқаттарға сондай қорытынды диагноз қойған кезде біздерде қосымша сұрайды. «Сіз электронды темекі тұтынасыз ба?», деп сұрайды. Біреулер айтуы мүмкін: «Иә, көптен вейп тартамын. Соған тәуелдімін», деп. Өкпенің ауруы бұрыннан темекі арқылы келуі де мүмкін. Былай салқын тиіп соның кесірінен де сырқатқа шалдыққандар бар. Түрлі обьектілерде жұмыс істесе, өкпе ауруы пайда болуы мүмкін. Электронды темекінің майлы түтіні темекінің түтініне қарағанда қапелімде шығып болмайды. Өкпенің ішіне никотині бар түтіннен гөрі, майлы түтін ауыр болады екен. Ағзаның төмен жағында қалып қояды екен, — дейді Нұрлан Сатанов.

Электронды темекіге тәуелді жандарға қандай қауіп төніп тұр?

— Қазіргі таңда электронды темекіге тәуелді болғандар жайлы ешкім зерттеп жатқан жоқ. Темекенің құрамында сұйық никотин болады. Осы темекіні тұтынған адам 1-2 айдың көлемінде тәуелді болады. Ал мына вейптердің құрамында пропиленгликоль болады. Оны глицерин дейміз. Сосын диацил дейтін дәмдеуіш барын айттық. Сол улы заттарды адам баласы бір тұтынады, екі тұтынады, айналып келгенде 10-20 рет тұтынғаннан кейін сол затқа тәуелді болады. Сол затты жиі қолданады. Содан шыға алмай жүреді. Электронды темекіні тұтынып жүрген жандарды ол затқа тәуелді ме жоқ па оны ешкім зерттеп жатқан жоқ. Онымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Бірақ сол затты көптен тұтынатын адам болса, соны қоя алмай жүретін адам болса, олар психиатр-наркологтарға, психологтарға жүгініп, терапевт мамандарына жүгініп, дұрыстап қаралғандары жөн, – деді дәрігер.

Тәжірибеңізде электронды темекіге тәуелді баласын жетектеп келген ата-ана болды ма?

— Жоқ, болған жоқ. Бізде мектепте электронды темекіні тұтынып жүрген оқушыларды ұстаздары көре қалса, оған тыйым салады. Білім ошақтарында жайбарақат вейп тұтыну деген жоқ. Егер сондай жағдай болса, бірден ата-аналарын шақыртып, мұғалімдер мен мектеп ұжымы жұмыстанып жатады. Мен оқушылардың арасында кездестірген жоқпын. Бізге ересектер келеді. Ересектер дәрігерлерге барады. Олар әуелі терепевтке барады. Кейін психиатрға барып, емделеді. Қандай дәрі-дәрмек ішу керек, ақыл-кеңесін алады. Қазіргі таңда электронды темекілерді саттықтан алдырып тастады. Десек те оларды жасырын түрде қолданып жүргендер бар. Мектептерде оқушылар электронды темекіні қолданады деп айта алмаймын. Жаппай саттықтан алып тастап, дұрыс жасады деп ойлаймын. Жоғары да айтқанымдай вейптің құрамындағы диацил адамның эндокринді жүйесіне әсер етеді. Бұл болашақта жастардың ұрпақ өрбітуіне әсер етеді. Жасөспірім 15-16 жаста эндокринді жүйесі қалыптаса бастағанда ол ағзалары өспей, жұмыс істемей қалады, – дейді Нұрлан Сатанов.

Электронды темекіні жабық ғимараттарда, отырған жерінде тартып отырады. Осы вейптің қоршаған ортаға зияны бар ма?

— Электронды темекенің құрамындағы диацил дәмдеуішті келтіретін зат. Алманың, алмұрттың, какао мен кофенің дәмі болады. Осы түтіннің иісі қасында отырған адамдарға қапелімде зияны бола қоймас. Бірақ балалардың ағзасына зиян тигізуі мүмкін. Біреуі — құсуы мүмкін, біреуі -жөтелуі мүмкін. Сондықтан түтіннің ішіндегі улы заттар адам тағамында орналасқан рецепторларға әсер етеді. Сол себепті адам лоқсиды, құсады, жөтеледі. Сол бөлмеде біреу электронды темекіні тартса, ол бөлмеде өзге адам отыра алмайды. Шама келсе, ол жерде отырмау керек, – дейді Облыстық психо-наркологиялық диспансердің психиатр-наркологы Нұрлан Сатанов.

Нұрлан Фатихоллаұлы, сұқбатыңызға рақмет! Электронды темекінің зардабын білген жандар бұл зиянды әрі улы затты тұтынудан бас тартады деп сенеміз.