Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі елімізде кино нарықта еңбек ететін 60-тан астам компанияның жұмысын тексеріп, нарықтың негізгі бөлігін екі-ақ ірі ойыншы бөлісіп отырғанын анықтады. Рейтинг көшін Kinopark-Kinoplexx Theatres желісі бастаса, екінші орында Chaplin Cinemas тұр. Тіпті кейбір өңірлерде тұрғындар тек жалғыз кинотеатрдың қызметіне тәуелді болып отыр.
Басты түйін – кинотеатрлар мен фильм жеткізушілер (дистрибьюторлар) арасында ортақ ойын ережесінің жоқтығында. Бұл олқылық прокатшылардың репертуарын тарылтып, көрерменнің жаңа блокбастерлерді уақытында көруіне кедергі келтіреді. Салдарынан бірегей контентке қол жеткізу теңсіздігі туындайды.
Осы мәселені шешу үшін агенттік кинопрокат саласына бірыңғай ережелер енгізуді ұсынып отыр. Жаңа талаптар қабылданса, дистрибьюторлар мен кинотеатрлар арасындағы шарттар айқындалып, баға мен репертуарда әділ бәсекелестік орнауы тиіс. Бұл өзгеріс қарапайым көрерменге сапалы қызмет пен фильмдерді еркін таңдау мүмкіндігін береді.