Елімізде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетуге арналған мамандандырылған кабинет жұмыс істемек. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Жаңашылдық «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асады.
Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, балаға қолайлы ортада алғашқы психологиялық көмектен бастап сот-медициналық сараптамадан өтуге және бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама жүргізуге дейінгі барлық қажетті қызметтер бір жерде көрсетіледі. Бұл оның көптеген ұйымдарға бару қажеттілігін жойып, психологиялық тұрғыдан қайта жарақат алуына жол бермеуді көздейді.
– Аталған жаңашылдық 2025 жылғы 30 желтоқсанда мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының заңында көзделген. Норма 2026 жылғы екінші наурыздан бастап күшіне енеді. Жақын арада кабинеттердің қызмет қағидалары бекітіліп, содан кейін өңірлерде оларды кезең-кезеңімен ашу жоспарлануда, – деп хабарлады оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқу-ағарту министрлігі заң аясында зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған немесе оның куәсі болған кәмелетке толмағандарды анықтау және оларға көмек көрсету қағидалары әзірленгенін хабарлады. Құжат осындай балаларды анықтау тәртібін, оларға көмек көрсету тетіктерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, 111 байланыс орталығының, бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен өңірлік уәкілдердің өзара іс-қимыл алгоритмдерін айқындайды. Бұл ведомствоаралық жедел әрекет етуге және балаларға уақтылы кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді.