Ақтөбеде криптовалюта мен алтынға инвестиция салып, жоғары пайызда пайда табамын деген деген тұрғын алаяқтарға алданып қалды. Келген шығын 18 миллион теңгені құрайды. Ақтөбе облысының полиция департаменті таратқан ақпаратқа сүйенсек, тәртіп сақшыларына арыз түсірген әйел адам алаяқтарға бір жарым жылдай ақшасын аударып келген. Алдын ала тергеуде екі бейтаныс адам әйел адамды криптовалюта мен алтынға инвестиция салуға көндірген.

– Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері екі күдіктінің жеке басын анықтап, оларды полиция бөліміне жеткізді. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілердің инвестициялық қызметке ешқандай қатысы болмаған, ал жәбірленушіден алынған ақшалай қаражат өз қажеттіліктеріне жұмсалған, - деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда зардап шеккен тұрғынды алдап соққан күдіктілерге қатысты алаяқтық қылмысы бойынша іс қозғалған. Тәртіп сақшылары тергеп-тексеру жұмысына кіріскен.

Полиция департаменті азаматтарға : «криптовалютаға, алтынға немесе өзге де қаржы құралдарына инвестиция салып, «кепілдендірілген жоғары табыс» табуға болады деген күмәнді ұсыныстарға сенбеңіздер»,- деп ескертеді. Әсіресе мұндай ұсыныстар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы немесе бейтаныс адамдардан түссе, сақ болған жөн. Қаражат салмас бұрын компанияның қызметіне қатысты лицензиялары мен рұқсат құжаттарының бар-жоғын міндетті түрде тексеріңіздер және ресми қаржы ұйымдарының кеңесіне жүгініңіздер.