Елімізде қан тапсырып, өзгенің өміріне араша түсіп жүрген жандар «Құрметті донор» төсбелгісімен марапатталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Үкімет тиісті қаулыға қол қойыпты. Төсбелгі Қазақстан азаматтар мен шетелдіктерге де беріледі екен. Тек қан және (немесе) тромбоцит донорлығы – кемінде 40 рет, қан плазмасының донорлығы – кемінде 70 рет рет тапсыруы шарт.
Донорларға арналған төсбелгіні Қазақстанның теңге сарайын жасайды.
—Медальдің әрбір бөлшегі терең мағыналық мәнге ие және Қазақстан Республикасы Геральдика жөніндегі республикалық комиссиясы бекіткен. Бекітілген дизайнға сәйкес төсбелгінің негізгі символы қанық қызыл түсті эмальмен көмкерілген қан тамшысы түрінде жасалған. Тамшының ішінде ақ түсті эмальмен бейнеленген жүрек соғысының графикалық ырғағы орналасқан. Барлық композиция күңгірт өңделген дөңгелек жиекпен қоршалған, - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, жыл сайын еілмізде 180 мыңнан астам адам қан тапсырады. Соның арқасында жыл сайын 80 мыңнан астам науқасқа сапалы қан құйылады екен.