Жақында Корея үкіметі маңызды құжатқа қол қойды. Жаңашылдықтың талаптарын еңбек министрлігі жіпке тізді.
Іріктеу қалай өтеді? Оның талаптары қандай?
Жұмысқа орналасу процесі Алматы қаласында ашылатын арнайы EPS орталығынан басталады. Мұнда үміткерлер корей тілін меңгергенін тексеру үшін EPS-TOPIK емтиханынан өтеді. Тіл білімінен бөлек, азаматтардың кәсіби дағдылары, еңбек өтілі және бар сертификаттары қатаң бағаланады.
Бұл бағдарламаға 18 бен 39 жас аралығындағы еңбекке қабілетті азаматтар қатыса алады. Басты шарттардың бірі — сотталмаған болу және бұрын Кореядан депортацияланбау. Сондай-ақ үміткердің шетелге шығуына ешқандай шектеу қойылмауы тиіс.
Тізімге ену автоматты түрде жұмыс бере ме?
Барлық сынақтар мен медициналық тексеруден сүрінбей өткендер ресми жұмыс іздеушілердің дерекқорына енгізіледі. Алайда бұл Оңтүстік Кореяда бірден жұмысқа орналасасыз деген сөз емес.
Үміткерді түпкілікті таңдау құқығы толығымен корейлік жұмыс берушілерге берілген. Олар өз қажеттіліктеріне сай қызметкерді базадағы тізімнен дербес таңдайды. Жұмысқа қабылданатын қазақстандықтардың жалпы саны жыл сайынғы ресми квотаға сәйкес реттеледі.
Еңбек шарты және мерзімі
Жұмыс беруші тарапынан ұсыныс түскен соң, арнайы еңбек шарты жасалады. Қол қоймас бұрын кандидатқа міндеттері, жұмыс кестесі мен әлеуметтік жағдайлары егжей-тегжейлі түсіндіріледі.
EPS жүйесі бойынша келісімшарт мерзімі бастапқыда үш жылға дейін жасалады. Заң талаптарына сай бұл мерзімді тағы 1 жыл 10 айға дейін ұзартуға болады. Бағдарлама шартын толық орындап, елге өз еркімен оралғандарға кейін қайта бару үшін қолайлы жеңілдіктер қарастырылған.
Делдалдардан сақ болыңыз!
Еңбек министрлігі азаматтарды алаяқтардан сақ болуға шақырады. Ешқандай жеке компания немесе делдал Кореяға жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайды.
Барлық ресми ақпарат пен тіркеу кезеңдері тек министрліктің ресми ресурстарында жарияланады. Сондықтан бейтаныс адамдарға ақша беріп, уәдеге сеніп алданып қалудан сақ болыңыз.