Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына колледждерге құжат қабылдау науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл жергілікті әкімдіктер мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 140 мың оқу грантын бөлді. Қазіргі таңда 55 мыңға жуық талапкер өз өтініштерін тапсырып үлгерді.
Мамандықтар таңдауы және жаңа бағыттар
Мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие техникалық мамандықтарға бағытталған. Сонымен қатар қазіргі заман талабы мен жұмыс берушілердің қажеттілігіне сай жаңа әрі перспективалы бағыттар енгізілді. Олардың қатарында:
- жасанды интеллект технигі;
- мехатроника;
- жаңартылатын энергетика;
- графикалық анимация;
- экологиялық туризм менеджменті және т.б.
Жеңілдіктер мен квоталар
Талапкерлердің жекелеген санаттары үшін қабылдау квоталары қарастырылған. Атап айтқанда:
- ауыл жастарына – 35%;
- мүгедектігі бар адамдарға – 10%;
- көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға – 5%;
- жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 1%.
Бұдан бөлек, заңнамада көзделген тағы алты санатқа арнайы квоталар белгіленген. Талапкерлер eGov.kz порталы арқылы құжат тапсыру кезінде өзіне тиесілі квотаны көрсете алады.
Құжат тапсыру тәртібі
Талапкерлер құжаттарын eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе таңдалған колледждің қабылдау комиссиясы арқылы тапсыра алады. Бір талапкер төрт мамандық пен төрт колледжде бағын сынап көруге мүмкіндігі бар.
Қабылдау мерзімі:
- Жұмысшы біліктілігі бойынша: 27 тамызға дейін. Емтихансыз, сұхбаттасу нәтижесі бойынша қабылданады.
- Орта буын мамандықтары бойынша: 20 тамызға дейін. Конкурс 23-24 тамыз аралығында аттестаттың орташа балы негізінде өткізіледі.
- Педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша: 10 тамызға дейін. Конкурс 16-17 тамызда өтеді. Педагогикалық бағытқа түсушілер сұхбаттасудан, эссе немесе диктанттан өтсе, медициналық мамандықтарға арнайы емтихан, ал шығармашылық мамандықтарға шығармашылық емтихан қарастырылған.
Конкурстың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында іріктеу Ұлттық білім беру деректер қорының ақпараттық жүйесі арқылы автоматтандырылған түрде жүргізіледі.
Ақылы негізде оқуға құжат қабылдау 27 тамызға дейін, ал кешкі және сырттай оқу нысандарына – 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл 9 немесе 11-сынып түлектері үшін мемлекет есебінен сұранысқа ие мамандықты тегін меңгеруге берілген үлкен мүмкіндік.