• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • 570,48 ₸
  • 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Мамандық таңдауда нені білу керек?

Профориентолог Алтынгүл Қуанышева талапкерлерге кеңес берді.
Мамандық таңдауда нені білу керек?
Сурет "ЖИ" көмегімен жасалды

Әр адам өмірде мамандық пен жар таңда қателеспеу керек. Мамандық таңдауда олқылық жіберген адам уақыты мен ақшасын жоғалтып жатады. Кейде ересектер баланың пікіріне құлақ түрмей, «Жұмыссыз қаласың», «Көкең ол мекемеде басшы» деген уәждермен ұнамайтын мамандыққа баланы оқытады. Жүрегі қаламай, жұрттың айтқанына көндіктен жас оқуын жөнді оқымай, диплом алған тұста өзге маман иесі болып жұмыс істеуді таңдап жатады.

Мамандық таңдауда нені білген дұрыс? Қай кезден қамданған абзал? Сүйікті мамандығы бойынша қалай грантқа оқуға болады? Талапкерлер мен олардың ата-аналарын толғандырған сауалдарға Қазақстанның профореинтологтар қауымдастығының мүшесі Алтынгүл Қуанышева жауап берді. Ол сұранысқа ие мамандықтар, грантқа түсудің жолдары мен келешекте жұмыссыз қалмаудың жолдарын түсіндірді.

Главный баннер

Алтынгүл Қадимқызы, бүгін мемлекеттік гранттың тізімі шығады. Осы гранттың қандай түрлері бар? Олардың ерекшеліктері қандай?

–Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан білім гранттарының түрлері көп. Алайда түлектер мен ата-аналар кейде бұны шатастырып жатады. Мысалы, көпшілік іздейтін «Батыс гранты» тек Маңғыстау және Атырау облыстарының экологиялық жағдайы нашар аймақтарында мектеп бітіргендерге қарастырылған, бұл тізімге Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысы кірмейді. Сонымен қатар мынадай грант түрлерін білген жөн. Педагогикалық және нысаналы гранттар. Өңірлер мен белгілі бір жоғары оқу орындарына арнайы грант бөледі. Екінші техникалық квоталар бар. Физика-математика немесе химия-биология комбинациясын таңдағандарға өңірлер бойынша қосымша беріледі. Және әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Толық емес, көпбалалы отбасылардан шыққан немесе ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың балалары құжаттарын толық тапсырса, мемлекет тарапынан қосымша мүмкіндіктерге ие бола алады. Грант иегері атанған студенттер магистратураға түспеген жағдайда, оқуды бітірген соң мамандығы бойынша міндетті түрде үш жылдай өтеуін жасап, еңбек етуге тиіс,  —деп атап өтті кәсіби профориентолог.

Қазіргі таңда қандай мамандықтар сұранысқа ие?

 — Жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан заманда кейбір мамандықтардың құны түсіп жатыр. Мәселен, қарапайым есеп-қисап жұмыстарын немесе тілдік аудармаларды қазір гаджеттер мен нейросетьтер жылдам орындап бере алатындықтан, есепші мен аудармашы мамандығына деген сұраныс азаюда. Болашақта да өзектілігін жоғалтпайтын салалар бар. Бірінші– ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік саласы. Бұл салаға түсу үшін математика мен информатикадан бөлек, ерте қамданып ағылшын тілін меңгеріп, IELTS сертификатын алған абзал.  Әрине,  әркезде медицина пен педагогика саласында сұраныс болады. Ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласын таңдаса да талапкерлер қате жібермейді. Ел экономикасы үшін бұл бағытқа да мемлекет тарапынан көп грант бөлініп, үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Мысалы, өңірдегі Жәңгір хан атындағы аграрлық университетте бір ветеринария мамандығының өзіне 100 грант бөлінген, – дейді Алтынгүл Қуанышева.

Кейде 11 сыныпты аяқтайтын оқушылардың өзі қандай маман иесі болатынын білмей жатады? Бірі – досының таңдауына жармасса, енді бірі– туысының таңдауын мақұлдайды. Баланы қай кезден бастап мамандыққа баулу керек? 

 — Мамандық таңдауды жетінші сыныптан бастаған абзал. Баланың қызығушылығын (робототехника, шығармашылық, немесе гуманитарлық бағыт) ерте байқап, ата-ана мен мектеп бірлесіп жұмыс істеуі керек. Мысалы оқушы робототехника, шығармашылық немесе IT саласына қызығуы мүмкін. Көп жасөспірімдер оныншы сыныпқа көшкенде «Досым гуманитарлық сыныпқа кетті», деп өзіне жат бағытты таңдап алып, кейін ҰБТ кезінде уақыт жоғалтып жатады. Сондықтан бұл процеске бейжай қарауға болмайды,  —дейді профориентолог.

Мамандық таңдауда баланың пікіріне ата-аналар құлақ аспай жатады. Арадағы түсініспеушілікті қалай шешуге болады?

 — Кейбір ата-аналар баласының таңдауына қарсы шығып жатады. Кейде балалар өз бетімен шешім қабылдай алмай, тек «досым Астанаға кетіп бара жатыр», деп өзіне ұнамайтын мамандықты меңгеруге бел байлайды. Мұның алдын алу үшін үйде ашық диалог болуы шарт. Егер бала өз таңдауының артықшылықтары мен кемшіліктерін түсіндіріп, болашақта немен айналысатынын нақты дәлелдей алса, ата-ана оған қолдау көрсетуі тиіс. Мектептегі профориентологтардың да жұмысы жандана түсу керек. Жұмыстар тек қағаз жүзінде қалып қоймай қажет. Нақты бағыт-бағдар беріліп, жүйелі жұмыс ұйымдастырылу керек, – деп ойын түйіндеді Алтынгүл Қадимқызы.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тест тапсырып, таңдаған жоғарғы оқу орындарына құжаттарын тапсырды. Жетінші тамызда гранттың тізімі де жарияланады.

Фотогалерея
1 фото
Главный баннер --> after article