Маңғыстауда екі сотталған қоғамдық жұмыстан жалтарғаны үшін жауапкершілікке тартылмақ
Маңғыстау облысында пробация қызметінде тұрған екі сотталған адам қоғамдық жұмыстан жалтарғаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

Маңғыстау облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметі жазадан жалтаруға тырысқан екі азаматты жауапкершілікке тартты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомство өкілдері таратқан ақпаратқа сүйенсек, бірінші сотталған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша үш жыл алты айға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілген. Ол мемлекетке жеті миллион теңгеден астам залал келтірген. Сот үкімі бойынша сотталған қоғамдық жұмысқа тартылған. Алайда, ол белгіленген міндеттерін орындаудан бас тартқан. Екінші сотталған сот үкімімен 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын өтеуі шарт болыпты. Ол да сот үкімін орындамады.
Өңірдің пробация қызметі Әкімшілік құқық бұзушылықтың 669-бабы бойынша қос адамның ісін сотқа жолдаған.