Маңғыстауда жаңа әуежай жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Үкімет отырысында мәлімдеді. Маңғыстаудың әкімі премьер-министрге «Кендірлі» курорттық аймағында бой түзейтін жаңа әуежайдың құрылыс жұмыстары жайлы баяндады.
Жаңа әуежай Қарақия ауданында,Каспий теңізінен 13 шақырым жерде орналаспақ. Нысанның жалпы аумағы 599 гектарды құрайды. Әуежайдың құрылысы үшін қазынадан 56,9 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі таңда оның 20 миллиард теңгеге жуық қаражаты игеріліпті.
Құрылыс тәулік бойы жалғасуда. Оның басында 215 жұмысшы еңбек етіп, 122 арнайы техника жұмылдырылған. Күні бүгінге құрылыстың 32 пайызы орындалыпты. Құрылыс 2026 жылдың IV тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа нысан өңірге туристтерді көптеп тартуға мұрындық болады деп күтілуде.
– Бірінші кезеңде Q-400, ATR және CRJ типті әуе кемелерін қабылдауға қабілетті 2200 метрлік ұшу-қону жолағы салынуда. Келесі кезеңде инфрақұрылым кеңейтіліп, Airbus A320 және Boeing 737 лайнерлерін қабылдау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Халықаралық және ішкі бағыттарды қоса алғанда, тоғыз жаңа авиабағдар ашу жоспарлануда», – деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.