4 часа назад

БҚО-ның алты білім ордасы республиканың үздік мектептер қатарына кірді

Орал қаласында дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. «Атамекен» өнер ордасында өңірдің барлық дерлік педагогтері бас қосты.

БҚО-ның алты білім ордасы республиканың үздік мектептер қатарына кірді
Медет Медресовтың фотосы

Жаңа оқу жылының қарсаңында Ақжайықтың ұстаздары «Атамекен» өнер ордасында бас қосты. Мұғалімдер үшін дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Биыл айтулы шара «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» деген тақырыпта оздырылды.

Тамыз конференциясында ел мен өңірде білім беру саласында сәтті жүзеге асып жатқан жобалардың көрмесі өтті. Мұнда заман талабына сай оқулық жазған автор, «Келешек мектептерін» жабдықтаған компания, білім саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және процестерді цифрландыру жүйесі бойынша қызмет ететін мекеме қызметін таныстырды. Соның бірі — астаналық «ATTECH» компаниясы. Олар қазақстандық мектептерге жиһаз жасаумен айналысады.

— Қазіргі таңда «Жайлы мектептер» бағдарламасы шеңберінде жаңа білім ошақтарына жабдықтар қойған болатынбыз. Мектеп шеңберінде балалар ГМО тест, коронавирусқа ПЦР-тест жасауға болады. Және адамның ДНК тексеруге мүмкіндік беретін жиынтық бар. Одан өзге біздер басқа пәндік кабинеттерді де жабдықтаймыз. Робототехника бойынша шешімдеріміз бар. География, тарих, қазақ тілі және физика, биология сияқты кабинеттерді жабдықтаймыз. Батыс Қазақстан облысының «Жайлы мектептеріне» бес-алты комплект кабинетті жасақтап қойдық. Кабинетті жасақтағаннан кейін, міндетті түрде педагогтерді қойылған құрал-жабдық пен бағдарламаларды оқытамыз, — дейді «ATTECH» компаниясының сату бөлімінің басшысы Кәмшат Қарабекова.

Сондай-ақ, тамыз конференциясы жетінші сыныпқа арналған жаңа «Физика» оқулығы таныстырылды. Жаңа кітап екі мың данамен басылып шыққан. Оқулықтың арнайы Q-коды бар. Осының арқасында балаларға физиканың мысалдарын суретпен түсіндіруге болады екен. 

— «Физика» жетінші сыныпқа арналған кітап. Мен — оқулық авторының бірімін. Өткен жылы Халел Досмухамбетов атындағы университеттің ғалымдарымен бірігіп, «Ғылым» қорынан грант ұтып алдық. 91 миллион теңгеге демеу қаржы алып, «Тorus» компаниясының бірлесіп, тағы да қаражат құйып, оқулықты шығардық. Кітап —толыққанды интерактивті, 90 астам R белгісі бар. Оның арқасында 3Д, виртуалды эффектімен физикалық қозғалыстарды көруге болады. Мектептерде көптеген  зертханалық құрал-жабдық жоқ. Жоқ құралды визиуалды түрде, танысатын мүмкіндік жасадық, — дейді «Тorus» компаниясының басшысы Дәурен Габдуллаев.

Батыс Қазақстан облысында 379 мектепте 124 992 оқушы білім алуда. Республика бойынша үздік 100 мектеп қатарына алты білім ордасы енді. Оқушылар халықаралық және республикалық білім сайыстарында зор жетістікке жетті. «Үздік олимпиадалық команда – 2025» II дәрежелі дипломымен марапатталған.

Өңірде қосымша білім беру саласында да жеткен жетістік көп. Қазіргі таңда 50 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Батысқазақстандық оқушылардың халықаралық деңгейде жеткен жетістіктері көп. Мәселен, АҚШ-тың Вустер қаласында өткен робототехника олимпиадасында Оқушылар сарайының командасы 108 команданың ішінде үздік ондыққа енді. Қытайдың Макао қаласындағы “First Championship” чемпионатында «SubSquad» командасы III орын иеленсе, Италияның Рим қаласында өткен халықаралық олимпиадада балалар техникалық шығармашылығы орталығының тәрбиеленушілері 329 команданың ішінде үздік бестікке кірді.

Тамыз конференциясында сөз алған облыстың бас ұстазы кәсіптік білім беру саласына да тоқталды. Қазіргі таңда облыста 35 колледж жұмыс істейді. Олардың 26 – мемлекеттік, тоғызы — жекеменшік.

— Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп дуалдық оқыту нысанын пайдаланатын 25 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары белгіленіп,151 өндірістік орындарымен келісім жасалды. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты басымдықтарымыздың бірі. Осы бағытта білім беру ұйымдарында аппараттық-бағдарламалық кешен орнату және жедел басқару орталығы мен  аудандық ішкі істер бөліміне дабыл түймелері мен бейнебақылау камераларын қосу жұмыстары толықтай аяқталды. Бұл – оқу орындарында қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған нақты қадам,— дейді Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.

Облыстық білім басқармасының басшысы жаңа оқу жылына арналған басым бағыттарды жіпке тізді. Бірінші мәселе — білім сапасына ерекше көңіл бөлінбек. Екінші мәселе – тәрбие мен білімнің тұтастығы да басты назарда болады.

— Жастарды тек білімді ғана емес, сонымен қатар адал, еңбекқор азамат етіп тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Осы мақсатта елімізде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізіліп, барлық білім беру ұйымдарында іске асырылады. Үшіншіден - мектеп – әр бала үшін ең қауіпсіз орын болуы керек. Зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу мақсатында жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылады. Төртіншіден — цифрландыру мен жасанды интеллектіні меңгеру – білім беру жүйесінің дамуы үшін маңызды. Мұғалімдер цифрлық сауаттылығын арттырып, жаңа технологияларды сабақта тиімді қолдануы қажет. Балаларға жас кезінен ЖИ негіздерін үйрету – олардың бәсекеге қабілетті болуына жол ашады. Бесіншіден —  ұстаздардың мәртебесін көтеру – басты міндетіміз. Мұғалімдерді қосымша ауыртпалықтардан босатып, құқықтарын қорғау керек. «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізіп, мұғалімнің беделі мен мәртебесін арттыру маңызды,— деді Елдос Сафуллин.

Тамыз конференциясында облыс әкімі Нариман Төрағалиев үш жылда облысымызда 7526 орынға 26 мектеп салынғанын атап өтті. Соның ішінде КПО компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобасы аясында 1344 орынға 16 мектеп, жергілікті бюджет есебінен 1982 орынға жеті мектеп, «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында 4200 орынға үш мектеп пайдалануға берілді.

 — 2025 жылы 15 мектептің құрылысы жоспарланды. Атап айтсақ, «Келешек мектептері» жобасы аясында 6 мектеп,  КПО компаниясы сегіз мектеп, жергілікті бюджет есебінен бір мектеп салу шаралары басталды. Соның ішінде, жаңа оқу жылы қарсаңында Казталов ауданы Қоныс ауылында 60 орындық шағын мектеп, Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында 600 орындық заманауи «Келешек мектебі» есігін айқара ашады. Ал, жыл соңына дейін тағы да 3300 орынға есептелген Бөрлі ауданында – үш, Орал қаласында – бір, Бәйтерек ауданында – бір, барлығы бес «Келешек мектебі» және Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 облыстық мектеп пайдалануға берілмек,— дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Тамыз конференциясында білім беру саласында еңбегі сіңген ардагер ұстаздар марапатқа ие болды. Аймақ басшысы еңбек ардагері Набия Тілепбергеноваға «Құрмет»  орденімен марапаттады. Ал, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел  Ерментаева марапатталды.

 Жиында 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша ең үздік білім беру ұйымдары да марапатқа ие болды. Батыс Қазақстан облысында ең үздік деп үш мекеме танылған. «Үздік балабақша-2025» аталымы бойынша Орал қаласының №48 «Мұрагер» бөбекжай-балабақшасы марапатталды. Мектепке дейінгі ұйымның директорына диплом мен бес миллион теңге сертификат және кәсіподақ ұйымынан 200 мың теңге табысталды. 

Орал қаласының №7 жалпы орта білім беретін мектебі «Үздік ұйым-2025» конкурсының жеңімпазы атанды. Білім ошағының басшысына диплом және 68 миллион  теңге сертификат және кәсіподақ ұйымынан 200 мың теңге табысталды. 

Орал ақпараттық технологиялар колледжі «Үздік колледж-2025» байқауында жеңімпаз болды.  

Медет Медресовтың фотосы



Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp