Оралдабалалардың қауіпсіздігі пысықталды. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру күн тәртібінен түспейтін сауал екені даусыз.

Күрделі мәселе «Өңірлік коммуникациялар алаңы» ұйымдастырған дөңгелек үстелде талқыланды. Жиында білім беру ұйымдары, жазғы лагерь, бала құқығын қорғайтын уәкіл, төтенше жағдай қызметі, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мен қоғамдық кеңестің мүшелері бас қосты.

Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы Алия Кайржанова жазғы демалыста демалатын балалардың тізімін жіпке тізді. Биыл өңірде балалардың 97 пайызы жазғы демалыспен қамтылмақ. Қамтылмай қалған үш пайызды мамандар анықтап жатырған көрінеді.

– Біздер баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесіне назар аударып отырмыз. Биыл демалыспен қамтылатын 59 884 оқушы бар. Барлық мектептерде лагерь ұйымдастырылған. 51 мектепте тамақтану ұйымдастырылған лагерьлерде 18 046 бала қамтылатын болса, 54 мектепте тамақтандыру ұйымдастырылмаған 40998 оқушы жазғы демалыспен қамтылады деп отырмыз. Барлық мектептің жанынан лагерьлер қызмет етіп жатыр. Барлығы 109 лагерь, -деді Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы Алия Кайржанова.

Жазғы демалыста қалтасы көтергендер баласын түрлі лагерьге береді. Алайда олардың барлық талапқа сай әрі қауіпсіз болуы басты мәселе. Биыл облыста жазғы маусымда 16 лагерь жұмыс істейді. Оның біреуі ғана жекеге тиесілі. Күні бүгінге облыста ашылған жазғы лагерьлердің сегізі ғана санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаментінің рұқсатын алыпты. Қалғанын сала мамандары тексеріп, қорытындысын бермек.

– Жазғы маусымдық лагерьлер біздің заңнамаға сәйкес эпидемиологиялық мәні жоғары нысанға жатқызылады және заңға сәйкес олар санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуы керек. Жалпы лагерьлер екі түрге бөлінеді. Жыл бойы жұмыс істейтін және маусымдық болып бөлінеді. Маусымдық лагерьлер тек жаз кезінде жұмыс істейді. Санпинге сәйкес жыл бойы істейтін лагерьлер жылына бір рет қорытынды алады. Ал, маусымдық лагерьлер олар міндетті түрде жыл сайын жаздың алдында қорытынды алуы керек. Бүгінгі таңда облыс аумағында 16 лагерь жұмысын бастайды деген жоспар бар. Сегіз лагерьге санитарлық нормаларға сәйкес келеді деген қорытынды берілді. Қорытынды алу мемлекеттік қызмет. Бізге лагерьлерден өтініш келіп түседі. Өтініш келіп түскеннен кейін, біздің мамандар обьектіге шығу арқылы ол жердегі балалардың тамақтануына, тұруына, медициналық қызметіне қойылатын санитарлық нормаларын талаптарын қарайды, – деді Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева.

Облыс орталығында қызметіне кіріскен лагерьдің бірі- «Атамекен» лагері. Қазір 190 бала демалып жатыр. Осы маусымда 1500 оқушы тынығады деген жоспарланыпты.

Лагерь аумағында шатырлы лагерьлер жұмыс істейді. Лагерь директоры жыл санап шатырлы лагерьге деген сұраныс көбейіп келе жатқанын айтады. Биылдан бастап қазір балаларды жасанды интеллекті меңгерту үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылатынын және биыл қазақтың табиғи болмысына да екпін салмақ.

Жиында балалардың құқығы жөніндегі уәкіл Шаттық Өтебалиева сенім телефондарына хабарласатын балалардың мәселесін бір сағаттың көлемінде шешуге тырысатынын айтты. Ол бес жыл бойы мектеп көрмеген бала туралы да айтып берді. Қазір осы іс бойынша сот жүріп жатыр екен.