Облыс орталығында жауған қарды екі аусымда 300-ден астам жұмысшы тазартып жатыр. Қазіргі таңда 370-ке жуық арнайы техника жұмылдырылған. Орал қаласы әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, тек төртінші қаңтарда күндіз 5500, түнде 3200 текше метр қар арнайы полигонға шығарылған.
— «Жайық Таза қала» ЖШС-мен жасалған 2025–2026 жылдарға арналған екі жылдық келісімшарт аясында қар тазалау жұмыстары жүргізілуде. Аталған мекеме қала аумағында, Зачаган және Деркөл кентті бойынша қызмет көрсетеді. Ал, Желаев селолық округі мен Круглоозерный кентінде қар тазалау жұмыстарын өзге мердігер ұйымдар атқаруда. Ең алдымен магистралды көшелер, қоғамдық көлік бағыттары, әлеуметтік нысандар, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолдары тазалануда. Қала аумағында қар тазалау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да күшейтілген режимде жалғасады, —деп хабарлады Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қысқы маусым басталғалы бері облыс орталығынан 60 мың текше метр қар арнайы полигондарға шығарылыпты.