Орал қаласында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен Еуразиялық логистикалық хабтың іргетасын қалау рәсімі өтті. Жобаның бастамашысы – Eurasia Holding Group құрамына кіретін «Jinone Excellence Investment» ЖШС.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Аймақ басшысы президент тапсырмасымен инвесторлар үшін қажетті инфрақұрылым мен дайын заманауи өнеркәсіптік алаңдар жасақталып жатқанын жеткізді.

– Батыс Қазақстан облысы – инвестициялық әлеуеті жағынан тартымды аймақ. 2023–2025 жылдары негізгі капиталға 2,3 триллион теңге инвестиция тартылды. 2026 жылдың бірінші тоқсанында инвестиция көлемі 22,4%-ға өсіп, 135 миллиард теңгеден асты. Бұл көрсеткіштер аймақ экономикасына бизнестің жоғары сенімділігін көрсетеді. Кейінгі 3 жылда 4,9 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республика аймақтары арасында жетекші орын алады, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

ҚХР-дың Ақтөбе қаласындағы бас консулының орынбасары Чжан Нан маңызды жоба екі ел арасындағы достық қатынас пен өндірістік ынтымақтастықты дамытып, жаңа деңгейге шығаруға серпін беретінін атап өтті. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде инвесторларға кешенді қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Жаңа жоба 20 гектар аумақта іске асырылады. Инвестициялардың жалпы көлемі 130 миллион АҚШ долларын құрайды. Кешен құрамына жылына 30 000 тоннаға дейін өнім шығаратын болат конструкциялары зауыты, жылына 60 000 данаға дейін құрылыс қалыптарын өндіретін зауыт, сондай-ақ жыл сайын 250 000 бухтаға дейін BV типті кабель шығаратын зауыт кіреді. Нысан осы жылдың соңында пайдалануға беріледі. Жобаны іске асыру нәтижесінде 510 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Хабтың негізгі элементі қытайлық электрондық коммерция компанияларын, ресейлік трейдерлер мен еуропалық жүк жөнелтушілерді қоса алғанда, үшінші тараптардың жүктерін сақтауға және өңдеуге арналған ашық үлгідегі «A» типті кеден қоймасы болады. Бұл формат өңірдегі тиімді логистиканы қамтамасыз етіп, халықаралық сауданың дамуына серпін береді.