Орал қаласында Ғұмар Қараштың ғибратты өмірі мен атқарған еңбегіне арналған «Ғұмар Қараш– ұлт руханиятының жетекшісі» атты көрме ашылды. Көрмені облыстық тарихи– өлкетану музейі ұйымдастырды. Іс-шараның ашылуына Ғұмартанушы ғалымдар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, Қараш ілімін өскелең ұрпаққа насихаттауға ат салысып жүрген жандар мен жастар қатысты.

Ғұмар Қараш — ақын, журналист, педагог, ағартушы, баспагер, Алаш қайраткері, фольклоршы. Ол 1878 жылы Бөкей Ордасындағы Қырқұдық жерінде дүниеге келді. Кедей отбасынан шыққан ақын жастайынан жетімдіктің зардабын тартып, ағайын-туманың шаңырағында тәрбиеленген. Ғұмар ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Уфа қаласында орналасқан жоғары діни медреседе білім алады. Оның өлеңдері мен мақалалары газет бетінде жарық көрген. Ол бала оқытып, ұстаздық қызмет атқарды.

Ғұмар Қараш қазақ баспасөзінің дамуына өлеусіз үлес қосты. Ол «Қазақстан» газетін шығаруға, оның қызметін жолға қоюда аянбай тер төкті. Көрнекті қайраткер Алаш қозғалысында да қызмет атқарды.

Ұлт көсемінің еңбегі мен атқарған жұмысы жайлы көрме жасақтаған облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин көрменің маңызына тоқталды.

— Бүгін біз үшін маңызды күндердің бірі. Себебі осыдан 115 жыл бұрын дәл осы күні «Қазақстан» атауымен газет шыққанын халыққа дәріптеу біздің мақсатымыз саналады. Бұл газеттің 100 жылдығы қарсаңында бұл газеттің шыққандығы турасында терең білген жоқпыз. 15 жылдың қарсаңында біздер терең зерттеулер жасап, тұпнұсқаларын елге әкеліп, көшірмелерін әкеліп, оның аудармасын жасап, халықпен қауыштырып отырмыз. Бірінші кезекте «Қазақстан» газетін араб әліпбиенінен кириллге ауыстырып, қауыштырған өзіміздің әріптесіміз Қазыбек Құттымұратұлы ағамыз. Сол кісіге алғыс білдіргім келеді. Қазір бізге жеңіл болып көрінгенімен сол кезеңде Араб әліпбиін жетік білетін адамның болмауы біз үшін үлкен қиыншылық тудыртқан еді. Сол кезеңде өзінің жауапкершілігіне алып, әр номірін аударып, көрсетіп отырған кезеңде біздерді қанаттандырып, шабыттандырып еді. Соның арқасында біздер басқа да жұмыстарды жасауға шабыт алдық. «Қазақстан» газетінің 115 жылдығы қарсаңында осындай көрмені жасақтауды жоспарладық. Жалпы осы көрмені былтырдан бастап материалдарын жинақтап, жүйелеп бастап едік, — деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ғұмар Қараштың ата тегі, атқарған жұмысы, еңбегі мен шәкірттері туралы ақпарат мол. Музей директоры көрмеде адамға ой салатын сөз көптігін тілге тиек етті. Ол орнатылған постерлердің мән-маңызы да тоқталды.

— Жалпы кітаптар шығып жатыр. Адамдар оқиды. Бірақ оның саны санаулы. Балалар барлық кітапты түсініп оқуға, уақыт та кітаптың таралымы да жетіп жатқан жоқ. Бірақ музей қабырғасына келіп, көзімен көріп, бір сағат уақытын бөлсін, 30 минут уақытын бөлсін немесе екі сағат уақытын бөлсін. Осы залға келіп, мұқият асықпай қараса, танысса бұл ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бүгінгі тәуелсіздік үшін қалай күрескендігін көзімен көріп, танысуға мүмкіншілік алады. Мына жерге 18 постер ілінген. Әр постерде бір қарасаңыз сөз көп. Музейге неге сөз көбейіп кетті деп ойлауы мүмкін. Біз әріптестерімізбен көп ақылдастық. Репрессиялық қысым қатты болғандықтан, көптеген дүние сақталмады. Бірақ қағаз бетінде көптеген жақсы-жақсы сөздер жазылып қалды. Оның ішінде құнды деген, адамға ой салады дегендерді бөліп алып, постерлерге орнаттық, – дейді музей директоры.

Ғұмар Қараштың өмірі мен атқарған қызметі жайлы көрмені кез-келген тұрғын облыстық тарихи-өлкетану музейінен тамашалай алады.