Облыс орталығы жаңа оқу ошағымен толықты. Оралда «Келешек мектебі» ашылды. Білім ордасы Зачаган кентінде орналасқан. Бұл туралы облыстық білім басқармасы хабарлады.
Оқу ордасы 600 орынға жабдықталған. Мектепте 33 оқу кабинеті, дизайн-технология, робототехника, инклюзивті білім беру кабинеттері, хореграфия залы, шығармашылық және техникалық бағыттағы шеберханалар қарастырылған. Білім ордасында екі спорт залы, заманауи кітапхана, бірнеше коворкинг алаңдары мен 130 орындық акт залы, 176 орындық асхана толық жұмыс істемек.
Облыстық әкімдіктің таратқан ақпарына сүйенсек, жаңа мектептің іске қосылуы Зачаган кентінде қазіргі таңда үш аусымда жұмыс істеп отырған Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік бермек. Жаңа оқу ордасына 1272 оқушы көшіріліп, 91 педагог ауысады деп жоспарлануда.
Соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында 9806 орынға арналған 28 мектеп салынды. Оның ішінде «Келешек мектебі» жобасы аясында 6900 орындық жеті мектеп пайдалануға берілді.