• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • 570,48 ₸
  • 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Оралда «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңі аяқталды

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңіне 12 жанұя қатысты.
Оралда «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңі аяқталды
Автордың фотосы

Оралда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі аяқталды. Биыл осы байқауға 12 жанұя бақ сынады. Қалалық кезең 15 шілдеде қорытындыланды.

 — 12 жанұя отбасы құндылықтарын, жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбие, мамандықтарды ұштастыра біліп, осы міндетті атқарып отыр. Біздер байқауға қатысқан әрбір отбасы бөліп-жармай, ынталандыру сыйлықтарын табыстаймыз. Биыл жұмысшы мамандықтар және ата-анасының жолын қалғап, маман иесі атанған жанұялар қатысып жатыр. Мысалы бір әулетте әкесі педагог болатын болса, оның ізін балалары, немерелері жалғап келеді. Бір мамандықты игеру құндылығы бойынша және бала тәрбиесіне көп көңіл бөлдік. Қазылар балалардың жетістікке жетуін де бағалады, – дейді іс-шараның ұйымдастырушысы  «Заман» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Өкшебаев.

Салтанатты іс-шараға отбасы институтын дамытып, оны сақтауға ат салысып жүрген қоғам белсенділері мен байқауға қатысқан жанұялар мен олардың жанкүйерлері қатысты. Ұлттық байқауда бақ сынаған отбасылардың барлығы түрлі аталым бойынша марапатталды.

  • «Берекелі  отбасы» аталымы бойынша Болаттар отбасы;
  • «Өнегелі отбасы» аталымы бойынша Гатауовтар жанұясы;
  • «Жаңашыл отбасы» аталымы бойынша Ескабуловтар әулеті;
  • «Ынтымағы жарасқан отбасы» аталымы бойынша Миргалеевтар отбасы;
  • «Ең Белсенді отбасы» аталымы бойынша Беркіновтер жанұясы;
  • «Парасатты отбасы» аталымы бойынша Шаяхметовтар әулеті;
  • «Ырыс қонған отбасы» аталымы бойынша Калиевтар отбасы;
  • «Шығармашыл отбасы» аталымы бойынша Нұрмағамбетовтар әулеті жеңімпаз атанды.

«Мерейлі отбасы» байқауының мән-маңызы мен қоғамдағы ерекше рөліне Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов тоқталды. Шаһар басшысы байқауға қатысқан жанұялардың көпке үлгі екенін тілге тиек етті.

 — Отбасы– адамның өміріндегі ең қымбат құндылық, қоғамның берік негізі. Ел бірлігінің бастауы. Ұрпақ тәрбиесі үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық пен отансүйгіштіктік секілді асыл қасиеттер алдымен отбасында қалыптастады. Қаламызда 370 мыңнан астам халық тұрады. Ол облыс тұрғындарының 57,8  пайызын құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау және өскелең ұрпақтың қауіпсіз болашағын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән беріп келеді, – деді Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде ІІІ орынды Тасқали әулеті қанжығалады. Бұл әулет ұрпағына ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, жас ұрпақты Отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеп келеді. Шаңырақтың атасы Отаров Тасқали және әжесі  Сарбалина Рахила Тулегеновназейнеткер. Әкесі Отаров Мерей Таскалиевич - №52 мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Жанұяның отанасы Отарова Айгерим Мухитденовна – №52 мектепте педагог-ассистент болып еңбек етеді. Әулетте Мансұр, Батыр, Айсұлу есімді бөбектер өсіп келеді.

Байқаудың ІІ орыны Қаратаевтар әулетіне бұйырды. Бұл әулет еңбекқорлықты, өнерді, ұлттық құндылықтарды және сапалы білімді өмірлік қағидаға айналдырған. Әулеттің үлкендері қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп келеді. Ал жас отбасы өнер мен білім саласында табысты еңбек етіп, кейінгі буынға өнеге көрсетуде.     

Қаратаевтер әулетінің бәйтерегі – Сағадат Бәкітұлы. Ақсақал бүгінде 66 жаста. Ал, осы шаңырақтың отанасы Шолпан Өтебайқызы 63 жаста екен. Жанұя Жәнібек ауданының тумасы. Ұзақ жылдар бойы Орал қаласында өмір сүреді. Сағадат Бәкітұлы мен Шолпан Өтебайқызының құрған шаңырағында төрт бала дүниеге келген. Соның бірі– Әдиет Қаратаев.  Әдиет Сағадатұлы бүгінде Құрманғазы атындағы саз колледжінде арнайы пәндер оқытушысы болып еңбек етеді. Кейіпкеріміз консерваторияда білім алып, келіншегімен туған жерге оралып, бүгінде шәкірт тәрбиелеп, қоғамдық жұмыстарға ат салып, қайырымдылықпен де айналысады. Жас отбасы үш сәбиді тәрбиелеп отыр.

 — Байқауға ай жарымдай дайындалдық. Біздер қоғам белсенділері ретінде жетімдер үйіне, қарттар үйіне, балалар ауылына, мектептерге концерт береміз. Біздер шығармашылық адамдармыз. Келіншегім екеуміз консерваторияда білім алдық. Қазір ата-анамыз зейнеткер. Әкеміз қариялар алқасының мүшесі, анамыз аналар алқасының мүшесі. Бұрын екеуі де мемлекетке қызмет етті. Қолымыздан келгенше дайындалдық. Соның нәтижесінде бізге Қаратаевтер әулетіне ІІ орын беріп жатыр. Біздер қуаныштымыз. Бізді ұсынған №22 «Жұмбақтас» балабақшасының басшысы бізді байқауға ұсынды. Қызым сол балабақшаға барады. Байқаудың кретериясына қарасақ, біздің отбасының жұмыс істегеніне келеді екен. (...) Осындай байқаулар керек деп ойлаймын. «Отан-отбасынан басталады»,– демейді ме?! Үлгі. Жалпы қоғамның қалыптасуы сондай дүниелерден басталады. Осындай дүниелер бізге өзімізге тәрбие береді. Ортаға үйренуге, қатысуға, балаларымызға көрсетуге, белсенділікті арттырады, – дейді  Әдиет Қаратаев.

«Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінде Кереевтер жанұясы І орынды қанжығалады. Жеңімпаз әулет қоғам өміріне ат салысып жүр. Рүстем Кереев- композитор, әнші. Оның зайыбы – Әлима Дүйсмағанбетова ұстаз.

Байқаудың бас жүлдесі Ибрашевтер әулетіне бұйырды. Ибрашевтар отбасы – білім мен парасатты, ұлттық тәрбиені, еңбексүйгіштік пен адамгершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған өнегелі әулет. Отбасының отағасы Дияс Дәуленұлы – өз ісінің білікті маманы, спортты серік еткен, ұлдарын елжандылыққа, жауапкершілікке тәрбиелеп жүрген үлгілі әке. Отбасының анасы Алмагүл Жақсылыққызы – білім саласының көшбасшысы, бірнеше ғылыми-әдістемелік еңбектің авторы, тәжірибелі ұстаз, ақын әрі қоғам белсендісі. Балалары да білім мен ғылымда, спортта, шығармашылық пен пікірсайыс өнерінде жоғары жетістіктерге жетіп, ата-анасының абыройын асқақтатып келеді. Ибрашевтер әулетінің отағасы Дияс Дәуленұлы сайысқа алғаш рет қатысқанын айтып, жеңіске жеткеніне қуанышты екенін атап өтті.  

 — «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы пайдалы шара деп есептейміз. Жыл сайын дәріптеліп, қазіргі таңда ұлттық байқауға айналғанына өте қуаныштымыз. Біздің 16 жылдық тәжірибеміз бағаланып, еленіп, отбасымыздағы, білімдегі, спорттағы, еңбектегі жетістіктеріміз бағаланып жатқанына және бас жүлделік орынға лайық көргеніне алғыс білдіреміз. Байқауға бірінші рет қатысып тұрмыз. Осы сайыс отбасымызға үлкен серпіліс берді деп айтуға болады. Өйткені әрбір адам жанұясында дамиды, жетістікке жетеді, табысты болады және осы байқау арқылы біздің отбасы шыңдала түседі , – деді Алмагүл Құспанова.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде бас жүлде алған Ибрашевтер мен Кереевтер жанұясы облыстық кезеңге жолдама алды. 

Фотогалерея
2 фото
Главный баннер --> after article