Оралда халық арасында "Ақ мешіт" атанған "Ар-Рахман" облыстық мешітінің күмбезін сүртуге барған ер адам құлап қалды. Төтенше жағдай қызметінің қызметкерлері зардап шеккен азамат бес метр биіктіктен ғимараттың бірінші қабатының шатырына құлап түскен деп ақпар таратты.

– Оқиға орнына құтқарушылар жедел жетіп, автосатының көмегімен зардап шеккен азаматты абайлап төмен түсіріп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиғаның мән-жайын білмек үшін Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Әлібаевқа хабарластық. Бас имам күмбезді сүртуге келген ер адамның кәсіби альпинист екенін айтты. Зардап шеккен адам бос уақытында өз еркімен келіп, көмектескісі келген екен. Күмбезді сүртуге шыққанда альпинистің аяғы тайып кетіпті. Ер адам аяғынан жарақат алған көрінеді. Ол ауруханада жатыр екен. Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы жайтқа байланысты тіс жармады.

Қазір ол жігіттің жағдайы жақсы. Оның ешкімге реніші жоқ деп айтты. Аллаға шүкір, ер адам аман-есен, – дейді бас имамы Самат Әлібаев.