• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • 570,48 ₸
  • 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Оралда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мәселесі талқыланды

Ғылыми-практикалық конференцияға құқық қорғау органдары, қорғаушылар мен судьялар қатысты.
Оралда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мәселесі талқыланды
Автордың фотосы

Оралда Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге арналған ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Оған Қазақстан Ресупбликасының судьялар одағының төрағасы Досжан Әмір, Батыс Қазақстан облысының судьялары, аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, адвокаттар мен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту, архив басқармасының мамандары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық сотының мемлекеттік тілдің дамыту мәселесін үйлестіруші судьясы Мағира Китарова мемлекеттік тілдің сот процесінде қолданылу мәселелерін жіпке тізді.

Главный баннер

— Облыс соттарымен мемлекеттік тілдің үлес салмағын арттыру бойынша құқық қорғау органдарымен, адвокаттармен, медиаторлармен, нотариустармен іс-шаралар жоспарлары құрылып, жұмыстануда. 2026 жылдың сегіз айында облыс соттарымен 24598 іс қаралып, оның 7994 ісі мемлекеттік тілде қаралып, 32 пайызды құрады. Оның ішінде 14971 азаматтық істің, 3353 іс мемлекеттік тілде қаралып, 22 пайызды құрады. 801 қылмыстық істің 350 мемлекеттік тілде қаралып, 44 пайызды құрады. 880 әкімшілік істің 156-сы мемлекеттік тілде қаралып, 18 процентті көрсетті, 7946 әкімшілік құқық бұзушылық істер қаралып, оның 4136-сы мемлекеттік тілде аяқталып, 52 пайызды құрады. Ал, 2025 жылдың сегіз айында облыс соттарымен 30908 іс қаралып, 7794 ісі мемлекеттік тілде аяқталып, 25 пайызын құрады, – деді Мағира Китарова.

Ал, экономикалық тергеп-тексеру департаменті бастығының орынбасары Жандос Кенжебаев экономикалық қылмысты қазақ тілінде жүргізудегі түйіткілдерді жайып салды. Ол экономикалық қылмысты тергеп-тексеру барысында мән-жайды нақты әрі дұрыс түсіндіретін терминологияның ақсап тұрғанын айтып, аудармашылардың кәсіби біліктілігін сынға алды. Бастықтың орынбасары экономикалық тергеп-тексеру департаментінде тіркелген істердің барлығы қазақ тілінде басталып, кейін тергеу барысында заң бекіткен құқыққа байланысты тергеудің тілі ауысатынын айтты.

Ғылыми-практикалық конференцияда Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығының орынбасары Ұланбек Әбілқайыр қылмысты тергеп-тексеру барысында мемлекттік тілді қолдану аясын бойынша өңірдегі жағдайды жіпке тізді. Жыл сайын полиция департаменті аударма үшін 30 миллион теңгеден астам қаржы жұмсайды. Көбінесе парақтар қазақ тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне аударылады екен.

Ғылыми-практикалық конференцияда қазақ тілін қолдайтын электрондық құжат айналымы жүйесін енгізу және осы салада мамандар даярлау мақсатында білім беру мекемелерімен ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығы айтылды. Жоғарғы соттың судьясы Досжан Әмір мұндай шараларды алдағы уақытта жиі өткізу қажеттігін айтып, құқықтық салада мемлекеттік тілді дамыту үшін бірлескен күш-жігер арқылы ғана тиімді жүйе құруға болатынына сенім білдірді.

Главный баннер --> after article