Көркем гимнастика – сырт көзге қимылы жеңіл, болмысы нәзік көрінгенімен, оның әр иірімінде тынымсыз еңбек, темірдей тәртіп пен мықты мінез жатыр.
Сымбат пен спорттық шеберлікті, әсемдік пен дәлдікті ұштастыратын бәсекеге өңірден 110 спортшы қатысты.
Бұл жолғы бәсекенің салмағы да айрықша. Өйткені облыстық жарыс спортшылардың дайындығын бағамдайтын кезекті дода ғана емес, Қазақстан чемпионатына жолдама беретін маңызды іріктеу кезеңі болды. Сондықтан әр қатысушы үшін алаңдағы әр қимыл, әр ұпайдың маңызы зор еді.
Жарыс қорцтындысында жеңімпазда анықталып ел чемпионатына жолдама алды.
Атап айтқанда, 15–20 қыркүйек аралығында Ақтау қаласында өтетін І разрядты спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатына Гаухар Бисен, Ясмина Кинжигалиева, Әлия Рысқали, Айсұлу Жетибаева, Дария Делекешева және Альмира Мурзагалиева жолдама иеленді.
Ал спорт шеберлігіне үміткерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты қазан айында Шымкент қаласында өтеді. Бұл додада Батыс Қазақстан облысының намысын Диана Жасталапқызы, Самира Сейдахмет және Хорлан Мақсот қорғайды.
Көркем гимнастиканың өңірде дамып келе жатқанына көп болмаса да, жас спортшылардың жетістігі көңіл қуантады.
Облыстық додада өз мүмкіндігін дәлелдеген жас спортшылар үшін енді жаңа белес басталмақ. Ақтау мен Шымкентте өтетін ел чемпионаттары олардың кәсіби тұрғыдан шыңдалып, республикалық деңгейдегі бәсекеде тәжірибе жинауына жол ашады.