Оралда халықаралық симпозиум аясында телемедициналық орталық ашылды. Жаңа орталық облыстық көпбейінді аурулар ауруханасында орналасқан. Батыс Қазақстан облысының әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенек, қазіргі таңда өңірде 38 емдеу мекемесі телемедицина жүйесіне қосылған. Биыл 383 науқас осы замануи тәсілдің көмегімен қажетті медициналық кеңес алыпты.
-Бұл бастама әсіресе шалғай ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы. Бүгін пайдалануға берілген арнайы бөлме заманауи компьютерлермен, жоғары жылдамдықты интернетпен және сапалы бейнебайланыс құрылғыларымен толық жабдықталған. Осының арқасында жергілікті дәрігерлер шетелдік әріптестерімен жедел байланыс орнатып, науқастарды қашықтан қабылдау мүмкіндігіне ие болды, -деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Оралда «Жасанды интеллект негізіндегі зияткерлік телемедицина» атты Қазақстан–Корея халықаралық симпозиумы өтті. Оған Корея Республикасының Католиктік Квандонг университеті жанындағы «Әулие Мария» халықаралық клиникасының президенті Ко Донг Хён бастаған делегация қатысты. Шетелдік меймандар медицина саласында қолданатын ұтымды әрі оңтайлы әдіс-тәсілдерді ортаға салып, тәжірибесімен бөлісті.