Оралда жасөспірім әкесінің көлігін рұқсатсыз айдап кеткен. Оқиға жетінші маусымда таңғы сағат 8.13-тер шамасында тіркелген. Темір тұлпардың иесі Зачаганск кенті, Мөңкеұлы көшесінде тұраққа қойған көлігін таппай, полицияға арыз түсірген.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тәртіп сақшылары көлікті іздеп табу үшін жедел-іздестіру шарасына кіріскен. Жоғалған машина Жәңгір хан мен Жақыпов көшесінің қиылысынан табылған.

– Көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талабына бағынбай, жол қозғалысы қағидаларын бұза отырып, электр беру желісінің тірегіне соқтығысқан. Тексеру барысында көлік тізгінінде арызданушының кәмелетке толмаған ұлы болғаны анықталды. Ол автокөлікті иесінің рұқсатынсыз алған, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Абырой болғанда осы оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Тәртіп сақшылары жасөспірімнің рұқсатсыз көлік басқаруына байланысты баланың заңды өкілдерін жауапқа тарту бойынша жұмыстанбақ.

Ал, темір тұлпардың иесі арыз-шағымын қайтарып алыпты.