Жақында жаңа оқу жылы басталады. Ата-ана баласының оқуға қажетті құрал-жабдығын түгендеп, перзентін мектепке киіндіріп жатыр. Сапалы әрі қолжетімді бағалы киімді шарқ ұрып, іздеп жүр.
Ұстаздарда да жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындалып жатыр. Аудан, қала мен облыстық деңгейде дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Ал 26 тамызда елордада президенттің қатысуымен республикалық тамыз кеңесі ұйымдастырылды.
Орал қаласы білім беру бөлімінің таратқан ақпарына сүйенсек, жаңа оқу жылында 0-11 сыныпта 68 985 оқушы білім алмақ. Оның 65 мыңнан астамы 1-11 сыныпта оқиды. Оқушылардың 41 714 қазақ тілінде, 23 528 бала орыс тілінде оқиды.
Қазіргі таңда Ресей Федерациясынан 21 оқушы қала мектептеріне білім алу үшін, ауысқан. Ресейлік оқушылар алты мектепте оқымақ.
Оқу жылы қарсаңында оқушылардың арасында ауыс-түйіс болып, бала саны да өзгертпек. Орал қаласы білім беру бөлімі оқушылардың нақты саны бесінші қыркүйектен кейін белгілі болады деп хабарлады.