Қазақстанның ұлттық құрамасы АҚШ-тың Хьюстон қаласында ұйымдастырылатын робототехникадан жарысқа дайындалып жатыр. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Ірі сайыс 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында өтпек.

Биыл Қазақстанға 17 жолдама беріліпті. Халықаралық чемпионатта ел намысын 200-ден астам қатысушы қорғайды. Олар - Астана, Алматы, Шымкент, Орал, Қарағанды, Щучинск қалалары мен Түркістан облысының тумасы. Оралдан сайысқа он оқушы қатыспақ. Жас өрендер Орал қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алады.

Қазақстандық өрендер байқауда үш жас санаты бойынша сынға түседі.

  • FIRST LEGO League Explore 6–10 жас;

  • FIRST LEGO League Challenge 10–16 жас;

  • FIRST Tech Challenge 12–18 жас.

- FIRST әлемдік кезеңі жыл сайын 110 елден 50 мыңнан астам оқушы мен студентті біріктіреді. Чемпионат серіктестері қатарында әлемдік деңгейдегі жетекші технологиялық компаниялар мен университеттер бар. Қатысушыларға білім беру бағдарламалары мен гранттық қолдау ұсынылады, оның жалпы көлемі 80 миллион долларды құрайды, -деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.

Қазақстанның ұлттық құрамасы ақпанда өткен Alem Tech Fest Орталық Азия чемпионатының қорытындысы бойынша жасақталыпты.