Оралға жаңа оқулықтар келді. Кітаптар кезең-кезеңмен жеткізілмек. Қаланың білім беру бөлімінің таратқан ақпарына сүйенсек, бірінші кезеңде 17 мың дана оқулық жеткізілмек. Бірінші лекпен үшінші және жетінші сыныптың оқулықтарын алып келеді. Үшінші сыныптың оқушылары үшін қазақ және орыс сыныбы үшін: "Қазақ тілі (Т1/Т2"), "Әдебиеттік оқу", "Литературное чтение", "Математика", "Дүниетану", "Познание мира", "Музыка", орыс тілінде оқытатын сыныптар үшін – "Русский язык" оқулықтары тасымалданбақ.
Ал жетінші сыныптың "Дүниежүзі тарихы" оқулығы жаңаланады.
- Бұл оқулықтар бұрын болмаған жаңа пәндер емес. Қолданыстағы оқулықтардың жаңартылған және қайта басылған нұсқалары. Сонымен қатар ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған арнайы оқулықтар да әр мектептің нақты сұранысына сәйкес алынады, - деп хабарлады Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз қызметі.
ІІ кезең - 4-сыныптардың бірқатар пәндері және 9-сынып бойынша:
- Қазақ тілі;
- Қазақ әдебиеті;
- Қазақ тілі мен әдебиеті;
- Русский язык;
- Русская литература;
- Дүниежүзі тарихы;
- Всемирная история оқулықтары жаңартылады.
ІІІ кезең - сегізінші сыныптың бірқатар пәндерінің оқулықтары жаңартылады.
Атап айтқанда, "Қазақ тілі", "Қазақ әдебиеті", "Қазақ тілі мен әдебиеті", "Русский язык", "Русская литература", "Русский язык и литература"," Алгебра"," Геометрия", "Биология", "Химия", "Физика", "География", "Көркем еңбек" және "Ағылшын тілі" пәндерінің оқулықтары қамтылады.
Ал 2027-2028 оқу жылында тоғызынша сыныптың қалған оқулықтары және 10–11-сынып оқулықтары қайта басылып, бірінші және бесінші сынып оқулықтарын жаңарту жоспарланған.
Орал қаласында оқушыларды оқулықпен қамту ісі тұрақты деп бағалануда. Бастауыш сыныпта кітап тапшылығы жоқ. Тек бесінші сыныптың оқулықтарына деген сұраныс артқан. Сала мамандары бұның бірнеше себебі барын айтады. Бесінші сыныпқа арналған оқулықтар 2017 жылы басылыпты. Бірнеше жылдың ішінде кітаптардың тозығы жеткен.
- Орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілінде білім беретін сыныптардың кезең-кезеңімен ашылуына байланысты мемлекеттік тілдегі оқулықтарға сұраныс артып келеді. 2026–2027 оқу жылында: №3, №6, №7, №13, №23, №24, №32 және №39 мектепте алғаш рет бесінші сыныптың қазақ тілінде оқытатын сыныптарын ашу жоспарлануда. Жүргізілген есеп нәтижесінде оқушылар контингентінің өсуі мен тозған оқулықтарды есептен шығару ескеріліп, қала бойынша 500–800 комплект бесінші сынып оқулығына қосымша қажеттілік анықталды, - деп хабарлады Орал қаласының білім беру бөлімінің баспасөз қызметі.
Жаңа келген оқулықтар қаланың 54 білім ошағы мен бір кешкі мектепке үлестіріліп бермек. 2026-2027 оқу жылында шаһардың оқу ордаларында 67 540 оқушы білім алады деп күтілуде. Қазіргі уақытта қала мектептерінің кітапхана қорында 1 038 543 дана кітап бар.