Жылқы жылында қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мәлімдеген еді. Он сегізінші ақпанда бірінші рет Тарауық намазы оқылады. Қарилар Құран оқиды.

2026 жылы Қадір түні наурыздың он алтысынан он жетісіне қараған түні деп бекітілді. Мұсылмандар жанының амандығы үшін деп пітір садақа береді. Пітір садақа 735 теңгені құрады.

Қасиетті Рамазан айын мұсылмандар қалай өткізу керек? Ораза кімге парыз? Пітір садақа қалай беруге болады? Осы сұрақтардың жауабын облыстық мешітінің наиб имамы Бағдат Шақаевтан сұрадық.

Бағдат Русланұлы, жақында қасиетті Рамазан айы басталады. Ораза кімге парыз?

– Ораза ақыл-есі дұрыс, кәмелет жасқа толған мұсылман адамға парыз болады. Адамға құлшылық жасау үшін оған балиғат жас керек. Балиғат жасқа толғаннан кейін тағы да бір құлшылық орындауы үшін ақыл-есі дұрыс болуы керек. Себебі ақыл-есі дұрыс адам ғана мұсылман бола алады. Сол секілді осы үш шартқа қарай адамның барлық критериясы келетін болса, ол адамға ораза парыз болады. Өткенде меннен біреулер: «Мен намаз оқымаймын, маған ораза ұстау болмайды деп айтып жатыр», деген сұрақ қойды. Жоқ, ораза, қажылық, зекет, намаз бұл – жеке-жеке құлшылық. Бір адамнан барлығы бірдей сұралмайды. Бірінші намаз сұралады. Әр құлшылық адамнан жеке-жеке сұралады. Ол адам намаз оқымаса да, ораза ұстай алатын мүмкіндігі бар. Сол үшін ораза ұстау керек, – дейді облыстық мешіттің наиб имамы Бағдат Шақаев.

Исламда кімдерге Ораза ұстау міндет емес.

– Ораза балиғат жасқа толмаған адамға, мұсылман емес жанға міндет емес. Бірақ қалған жандарға міндет болады. Бір адам оразаны ұстай алмауы мүмкін. Ол сапарға шығып кетеді. Іс-сапарда басқа график болады. Оның ауыз ашып, ауыз бекітетін мүмкіндігі болмауы мүмкін. Алла тағала, сапарға шыққан адамға сол сапары барысында ораза ұстамауға болады деп жеңілдік берді. Рамазан айынан кейін қанша күн жіберді, сол күні үшін ораза тұтады. Етеккірі келген әйел адамдар сол уақытта ұстамайды. Қасиетті айдан кейін қазасын өтейді. Сырқат адамдар болады. Дәрігерлер оларға денсаулығына байланысты бір диагноз қою мүмкін. «Сізге мына емді алып болғанша ораза ұстауға болмайды», десе шариғатта дәрігердің үкімін алады. Өйткені шариғат адамға зиян келтірмеуге тырысады. Адамның денсаулығы – бірінші аманат. Сырқат адам дәрігердің сөзінен құлақ аспай, ораза ұстауына болмайды. Науқас адам өзінің саулығына зиян келтіруі мүмкін. Және қариялар, кәрілік кірген жандарға ораза ұстамаса болады. Ондай жандар үйде қанша адам ораза ұстаса, оларға ауызашар немесе сәресін дайындап беріп, олардың сауабымен бірдей сауап ала алады. Ол қолынан келмесе, фидия деген бар. Ауызашар мен сәресінің құнын есептеп, соны беруге болады, – деді облыстық мешіттің наиб имамы.

Кейбір жандар ораза ұстау барысында арықтаймын деп ниет етеді. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Ораздағы ниет ең бастысы арықтаймын, диета ұстаймын деп емес. Оразадағы ниет Алланың разылығы үшін құлшылығын мойынынан түссін, Алланың разылығын ниет қылайын деп ораза ұстау керек. Мысалы біреу ойлайды: «Бір айда арықтап алайын, тамақтан тыйылайын», деп ойлайды. Осылай ораза ұстаса, бұл ниет дұрыс болмайды. Өйткені, Алла Тағала адамның ішіп-жегеніне мұқтаж емес. Яғни, адам күндіз аш жүргеннен басқа пайда таппайды. Ал, аш жүріп, соған сауап алу үшін ниет тек Алланың разылығы үшін болуы керек,– дейді Бағдат Шақаев.

Рамазан дегеніміз қандай ай? Қасиетті айды қалай өткізген абзал?

– Рамазан – өзін тәрбиелейтін ай. Кейбір жандар «Рамазанда төбелесуге болады ма? Рамазанда темекі шегуге болады ма?», деген сұрақтарын көптеп қояды. Рамазанды ғалымдар бір мектепке теңейді. Бала бірінші сыныпқа барғанда ештеңе білмей, әріп танымай барады. Рамазанға кіргенде бірінші сыныпқа барған секілді адам әріп танып, білім жияды. Сатыдан көтерілген сайын, білімі жетіледі. Білмегенін біле бастайды. 11 сыныпты бітірген бала қалай білімді болса, үлкен жолға дайын болған секілді, Ораза тұтқан адам нәпсісін тәрбиелеп, келесі Рамазанға дейін сол қалпын сақтай алатындай күш-қуат алу керек. Нәпсімен жұмыс. Біріншіден, мінезді дұрыстау керек. Адам өз қателігін өзі біледі. Жүрек пен ой тазарту. Рамазанға кірген уақытында барлық теріс амалдарын тастау. Көбінің мәселесі – темекі. Біреулер Рамазаннан кейін шылым шегуін қойып, өмір бойы одан бас тартып өтеді. Кейбір жандар ішімдікке әуес болады. Олар Рамазан айында осы арам әдеттерден арыламын деп ниет етсе, Алла тағала оларға күш-қуат береді. Рамазан – нәпсіні тәрбиелейтін мектеп. Ораза, ораза аяқталғаннан кейін басталады. Рамазан айында сіз қандай тәрбие алдыңыз? Ораза бітті екен деп, екі есігін құлыптап, бір нәрседен құтылғандай болып шығу емес. Керісінше, келесі оразаға сағынышпен жететіндей қылып, бару керек, – деді наиб имам.

Оразаны қалай мәнді өткізуге болады? Қасиетті айда адам баласы өзін қалай тәрбиелейді?

– Ораза-тәрбие айы деп айттық. Адам ең бірінші ішіп-жеуден тыйылу емес, өзін тию керек. Адам өзін бос сөзден, көп ұйқыдан тию керек. Мысалы ораза екенмін деп, сәресінде ауыз бекітіп, ауызашарға дейін ұйықтау дұрыс емес. Өйткені біздің құлшылығымыз дүние тіршілігіне кедергі келтірмеуі керек. Бір адам ораза ұстайды, ел қатарлы жұмысына барады, кешке ауыз ашады. Құлшылық дәл сондай болуы керек. «Мен оразамын» , деп біреуге міндетсіну, басшы бір жерге жұмсаса «мен оразамын», деп бармай қалу, міндетсінуге болмайды. Құлшылық – ол жеке адамның құлшылығы. Ол – құдаймен арадағы мәміле. Ол сіздің отбасыңызға, бауырларыңызға, ортадағы ұжымға, қоғамға ешқандай кедергісі болмауы керек. Өйткені, құлшылық адамның өзіне керек. Сіз намаз оқыдыңыз, ораза тұттыңыз, құлшылық жасадыңыз. Оны ешкімге міндетсінуге болмайды. «Сіз маған мынаны беру керексіз», – деп айту дұрыс емес, – дейді имам Бағдат Шақаев.

Кейбір жандар ораза ұстадым деп жұмыстан жалтарады, студенттер сабақтан қалып жатады. Оқушылардың да сабаққа деген ынтасы азаяды. Рамазан айында уақытты қалай жүйелеу керек?

– Құлшылық ештеңеге зиян келтірмеуі керек. Жазғытұрым уақытта таң намазы үштерде оқылады. Үш жарымда намаз оқыдым деп, жұмысқа 11-лерде барамын деп айта алмаймыз. Жұмыс тоғызда басталса, сағат тоғызға бару керек. Мемлекеттің заңы сондай. Ол талқыланбайды. Таң намазын оқып, қайта ұйықтап қалыңыз. Ұйқыңыз қанбай тұрса, оны жеңу керек. Адам Аллаға деген махаббатын жақсы қоя білсе, құлшылыққа еш нәрсе кедергі болмайды. Студенттер бар. Олар ораза кезінде сабақ жіберіп қоюы мүмкін. Ұйықтап, сабаққа бармай қалуы мүмкін. Ол дұрыс емес. Білім алу да парыз! Ораза адамды білімнен тия алмайды. Мұғалімдермен керісіп, «мен оразамын», «ұйқым қанбай қалды», деп айту дұрыс емес. Құлшылықтың осындай машақатына шыдау керек. Адам намаз оқып, ораза ұстап, құлшылық жасады ма уақытын үйлестіре білуі керек. Жүйе құру керек. Тарауық намазынан кейін таңғы сағат үш-төртке дейін біреумен бос әңгіме айтып, үйге келіп, бір сағаттай телефон шұқылап, сәресін ішіп, ұйықтап қалған адамның қандай қуаты болады?! – дейді Бағдат Русланұлы.

Қасиетті Рамазан айында сауап жинағысы келетін жандар ауызашар беруге асығады. Кейде осы ауызашарлардың дастарханында астың алуан түрін қойып, кейде ас-ауқат ысырап қалады. Сәресі мен ауызашарға қандай тағам түрін қою керек?

– Біздің қарашаңырақ Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы кез-келген жағдайда халыққа, бір отбасыға ауырпалық салмауға үйретеді. Өйткені Құранда да аят бар. «Алла адамға ауыртпалық қаламайды», дейді. Дінде де мәжбүрлік болмағаны секілді кез-келген құлшылықта да мәжбүрлік жоқ. Адам ауызашар беруге шамасы келмесе, оны қарызға батып, несие алып жасамауы керек. Келетін адам сізді сыйлап келеді. Сәресі мен ауызашар бергенде неғұрлым ысыраптылыққа жол бермеген абзал. Ысырап — бұл жақсы дүние емес. Әр нәрсені адамның көңілі жететіндей қылып әзірлеу керек. Соған да адам қанағат қылып келеді. Оразада ауызашарда міндетті түрде адамды тойғызу керек. Бір айда адамның асқазаны кішірейеді. Соны да ескеру керек. Біздерде діни басқарманың бекіткен 13 тағамы бар. Сол тағамдармен әзірлесе, нұр үстіне нұр болады. Мүфтият бекіткен тағамдар — кезінде ата-бабамыз тұтынған ас. Ол бауырсақ, қаймақ, тары-талқан, ас, күріш сияқты тағамдармен дастархан даярлау. Бізде садақаның өзі той сияқты өтеді. Дастарханда тағамның алуан түрі болады. Тіпті жеміс-жидек, тәтті торт тұрады. Кейде қолыңдағы кәсені алдыңа қоя алмайтын кездер болады. Ол тағамдар 100 пайыз желінбейді. Адамға жақсы болып көріну үшін емес, Аллаға жағандай болып, ысырап болмайтындай дастархан жаю керек. Келген мейман дастарханды сынау үшін емес, ниет қылып келеді, – дейді наиб имам.

Қасиетті Рамазан айында күллі мұсылман жанның амандығы Пітір садақа береді. Имамдар садақаны Айт намазына дейін беру керектігін айтады. Пітір садақаны қалай әрі кімге береді?

– Пітір садақа – нисап мөлшері толған адамға парыз болады. Ол адамға зекет парыз болды. Ол адамдарға беру уәжіп. Уәжіп деген – парыздан кейінгі міндет болған амал. Қазақ халқының дәстүрінде жан амандығы деп беріледі. Осы пітір садақаны дінде ағайын тума-туысының ішінен мұқтаж адам болса, шариғатта ең бірінші бауырыңды жарылқау парыз. Екінші, жетім-жесірлерге. Қамқоршысы жоқ, туған-туысы жоқ, ата-анасы жоқ адамды білсе, мысалы: «Сондай көршіміз бар», деп соған берсе, ол дұрыс. Үшінші, сапардағы адамға беруге болады. Сапарда жүрген адамның машақаты ауыр. Ілім жолындағы жандарға да беруге болады. Жағдайы жоқ студент болса, соған беруге болады. Кейін мешітке беру. Біздерде көбіне мешітке әкеліп береді. Неге? Мешіттерде Рамазан айы басталар уақытта мыңдаған адам көмек алу үшін жазылады. Олар Рамазан басталмай тұрып жазылады. Мұқтаж, көпбалалы, жұмыссыз қалғандар, сапарда жүргендер, жетімдер бізге мешітке келіп жазылады. Бәрі көмекті мешіттен сұрайды. Тізімде тұрған жандардың саны көп. Оларға Рамазан айы басталғанда мешіт көмек береді. Елден, халықтан жиналған пітір садақа соларға беріледі. Мешіт – бұл халық пен мұқтаж жандардың арасындағы көпір деп айтуға болады. Біздерге пітір садақа жиналады. Ол қаражаттан тамақ таратылады, – деді Облыстық Ар-рахман мешітінің наиб имамы Бағдат Шақаев.

Құрметті оқырман, қасиетті Рамазан айында ұстаған Оразаңыз бен құлшылығыңыз қабыл болсын! Исламға байланысты түрлі сұрақтарыңызды облыстық мешіттің пәтуа бөлімінің басшысы Оразбек Жамбылұлына жолдай аласыздар. Имаммен 87029067123 телефон нөмірі арқылы хабарласуға болады.