Облыс әкімінің бастамасымен іске қосылған жоба аясында «Қаладан ауылға» жобасы тұрғындар арасында кең қолдау тауып келеді. Жоба аясында қала маңынан мыңға жуық тұрғыны бар 195 отбасы ауылдық елді мекендерге қоныс аударды. Бастама өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, ауылдардың әлеуетін арттыруға бағытталған.

Қоныс аударған отбасылар баспанамен қамтамасыз етілген. Бағдарлама ауылдағы халық санын тұрақтандыруға және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған. Қоныс аударған азаматтардың 216-сы тұрақты жұмысқа орналасты, олардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер және басқа да мамандар бар. Сонымен қатар кейбірі «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашқан.

Жобаның нәтижесінде ауылдардағы кадр тапшылығы азайып, жабылудың алдында тұрған бірнеше мектеп өз жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алды. Бұл «Қаладан ауылға» бағдарламасының ауыл әлеуетін арттырудағы маңызды қадам екенін көрсетіп отыр.

Ауылдағы ағайынның қалаға үдере көшуін алдын алу үшін денсаулық сақтау жүйесін жандандыру маңызды. Батыс Қазақстан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы толық жүзеге асты.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың таратқан ақпарына сүйенсек, денсаулық сақтау саласында 2023 жылдан бері 52 денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 медициналық нысан пайдалануға беріліп, президент тапсырмасы толық орындалған.  

Соңғы үш жылда салаға 442 дәрігер маман тартылып, оның 236-сы ауылдық жерге жолданды.

Медицина саласының материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға 5,1 миллиард теңге бөлініп, 100-ге жуық заманаи медициналық құрал-жабдықтар алынды. Нәтижесінде, облыстағы медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейі 83,8%-ға жетті, бұл өңірдегі медициналық қызмет сапасын едәуір арттырды, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.