5 часов назад

Президент: «Жер иесіз қалмауы тиіс»

2022 жылдан бері пайдаланбаған 13,5 млн гектардан астам жер телімі мемлекетке қайтарылған.

Президент: «Жер иесіз қалмауы тиіс»
Фото: pixabay.com

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған жолдауында жер телімдерін пайдалануға тоқталды. Президент жер иесіз қалмауы тиіс деп атап өтті. 2022 жылдан бастап ел аумағында пайдаланбаған 13 миллион 500 мың гектар жер мемлекет қайтарылыпты. Алайда әкімдер тек алты миллион гектарын қайта айналымға берген. 

Енді президенттің пәрменінен соң облыс басшылары келесі жылдың ортасына дейін барлық жер телімін жұмыс істейтін шаруаларға таратып беруі тиіс. Бұл жайылым мәселесін шешуге көмектеспек.

— 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ, әкімдіктер соның алты миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл – анық нәрсе. Сондықтан әкімдіктер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс. Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Осыған орай, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуы қажет. Бұл салада цифрлық технологияларды кеңінен қолдану айрықша маңызды. Қазірдің өзінде космомониторинг және геоталдау жүйесі пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, оның бәрін қайтаруға септігін тигізіп жатыр. Жұмысты жалғастыру қажет. Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек. Соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді-дақылдардың жай-күйіне және қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалуға тиіс. Бұл – орман шаруашылығына да қатысты мәселе. Солтүстік Қазақстан облысында тоғыз мың гектар орманның иесіз жатқаны анықталды. Бұдан бөлек, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу керек. Оған кадастрлық мәліметтерді, инфрақұрылымға және жер қойнауын пайдалануға қатысты ақпаратты кіріктіру қажет, — деді Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: pixabay.com

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp