Елімізде статистикалық деректермен жұмыс істеп, азаматтардың уақытын үнемдейтін AI-көмекші іске қосылды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Жасанды интеллект негізінде жасақталған сервис сәуір айында тексерістен өтіп, пайдаланушылардың пікірі негізінде жетілген.
Қазіргі таңда жаңашылдық екі тілде жұмыс істейді. Келешекте ағылшын тілінде де іске қосылады деп жоспарлануда.
AI-көмекші статистикалық деректерді іздеген жандарға қолқабыс болып, деректерді жедел өңдеуге, нақты әрі қатесіз деректерді табуға жәрдемдеседі. Ұлттық статистика бюросы осы жаңашылдықтың арқасында операторларға түсетін жүктемені азайтады деп сенеді.
- Пайдаланушылар бүгінде деректерге тез әрі жеңіл қолжетімділікті күтеді. «AI Stat» - Бюроның цифрлық трансформациясының және мемлекеттік секторда жасанды интеллект шешімдерін дамыту бағытының бір бөлігі. Ол статистикаға қатысты сұрақтарға бірнеше қадам арқылы жауап алуға мүмкіндік береді, күрделі жүйелерді терең түсінуді қажет етпейді. Бұл - алғашқы кезең, ал алдағы уақытта біз көмекшінің мүмкіндіктері мен қолдану аясын кеңейтетін боламыз, – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.