Елімізде жеке мектептерде мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий жариялау жоспарланып отыр. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Бас ұстаз жекеменшік білім ошағына қойылатын талап күшейтетінін хабарлады.

– Елімізде жеке мектептер тек нақты қажеттілік туындап отырған өңірлерде ғана ашылады. Лицензия тек үшауысымды мектептерді, апатты жағдайда тұрған білім ордаларын алмастыру мақсатында мемлекеттік мектептер жетіспейтін өңірлерге ғана беріледі,–деп мәлімдеді Жұлдыз Сүлейменова.

Елімізде бұдан бөлек, жеке мектептің құрылтайшылары мен басшыларының жауапкершілігі де күшейтілмек. Олар мектептердегі білім сапасы, ұстаздардың біліктілігі және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілік алады.

Қазіргі таңда құрылтайшылардың ғана емес, мектеп директорларын тағайындау тәртібін де өзгерту жоспарланып отыр. Енді мектеп директорларын бұрынғыдай құрылтайшылар таңдамайды. Шешім қабылдау кезінде салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімі ескеріледі.

Қазіргі таңда еліміздегі 785 жеке мектептің құжаты цифрландырылыпты. Ел аумағында жалпы лицензиясы бар 890 жеке оқу ордасы жұмыс істейді.