Ташкент қаласында математика және информатика пәндері бойынша өткен әл-Хорезми халықаралық олимпиадасы (KhMIO) өз мәресіне жетті. Әлемнің он елінен келген дарынды жастар бас қосқан бәсекеде оқушылар теориялық және практикалық тапсырмалар бойынша өз білімдерін сарапқа салды.
Аталған халықаралық олимпиаданың басты мақсаты – математика мен информатика саласындағы талантты жастарды анықтау, олардың ғылыми-зерттеу және зияткерлік әлеуетін шыңдау.
100 пайыздық нәтиже
Қазақстан намысын қорғаған сегіз оқушының барлығы жүлделі орындардан көрініп, 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Ұлттық құрама қоржынына төрт алтын, үш күміс және бір қола медаль түсті.
Алтын медаль иегерлері:
• Бердімұрат Ахмет – Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
• Жанделдинов Бексұлтан – Павлодар қаласындағы «Жас Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы;
• Мұхитұлы Алдияр – Алматы қаласындағы NIS-тің 9-сынып оқушысы;
• Еламан Әлішер – Алматы қаласындағы РФММ-нің 8-сынып оқушысы.
Күміс медаль иегерлері:
• Белгімбаев Әмір – Алматы қаласындағы РФММ-нің 9-сынып оқушысы;
• Ермұханов Ислам – Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
• Жангелді Санжар – Қарағанды қаласындағы Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.
Қола медальді Павлодар қаласындағы «Жас Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Ғаллам Әлішер жеңіп алды.
Ұстаздар еңбегі
Жас таланттардың жеңісіне Алматы қаласындағы №165 мамандандырылған лицейдің математика пәнінің мұғалімі Асхат Әбдікулов пен IITU университетінің сеньор-лекторы Айбар Қуанышбай жетекшілік етті.
Қазақстандық оқушылардың бұл жетістігі еліміздің халықаралық білім додаларындағы орнықты нәтижесін тағы бір мәрте айқындап, жас дарындардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.