Елімізде 2024 жылдың бірінші шілдесінен бастап барлық дәрі-дәрмек таңбалаудан өтеді. Осының арқасында ел аумағында сатылған дәрілердің санын нақты білуге болады.

Денсаулық сақтау министрлігі ең көп сатылған дәрілердің тізімін жариялады. Тізімді этил спирті көш бастап тұр. Оның 4,1 миллион бірлігі саудаланыпты. Екінші орында натрий хлориді жайғасқан. Оның 2,1 миллион бірлігін сатып алыпты. Ең көп сатып алатын дәрі-дәрмек тізімін парацетамол түйіндеді. Аталмыш дәрінің 1,75 миллион данасы саудаланған. Төртінші орында ацетилсалицил қышқылы – 1,5 млн-нан астам бірлік. Бестікті мұрын бітелуі кезінде қолданылатын тамыр тарылтқыш препарат – нафазолин қорытындылайды.

– Таңбалау жүйесі әрбір дәрілік препараттың қаптамасының қозғалысын өндірушіден бастап түпкі тұтынушыға дейін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Ұсынылған статистика дәріханалардағы бөлшек сауданы нақты көрсетеді. Сонымен қатар, таңбалау жүйесі әрбір препараттың түпнұсқа екенін және заңды айналымның толық жолынан өткенін кепілдейді, – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.

Цифрлық таңбалау шеңберінде әрбір дәрілік препараттың қаптамасына бірегей Data Matrix коды беріледі. Тұтынушы, дәріхана немесе тексеруші орган Naqty Onim мобильдік қосымшасы арқылы препараттың түпнұсқалығын бірден тексере алады. Бұл заңды тауар айналымы шеңберінде жалған дәрілерді сатуды техникалық тұрғыдан мүмкін емес етеді.