Еліміздің тас жолдары мобильді байланыспен қамтылмақ. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлы даму министрлігі хабарлады. Министрлігі бұл межені орындау үшін «Транстелеком» АҚ компаниясымен арнайы келісімге келіпті.
– Жоба «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып, мобильді байланыс жоқ немесе тұрақсыз жұмыс істейтін автожол учаскелеріндегі «ақ дақтарды» жоюға бағытталған. Жобаны іске асыру нәтижесінде жүргізушілер мен жолаушылар жол бойында интернетті навигация үшін, шұғыл қоңыраулар жасауға, сондай-ақ мемлекеттік және банк сервистерін пайдалануға мүмкіндік алады, –деп хабарлады Жасанды интеллект және цифрлы даму министрлігі.
Министрлік жобаны екі кезеңмен орындайды. Жалпы 40 мың шақырымнан астам жолды мобильді байланыс қамтымақ. Бұл жол қауіпсіздігін арттырып, жедел қызметтердің әрекет ету жылдамдығын жақсартады.
– Жоба аясында 500-ден астам антенна-мачталық құрылыстар мен мобильді байланыс базалық станциялары салынады. Бұл елдің негізгі көлік бағыттарында байланыстың қамту аумағын кеңейтіп, қызмет сапасын едәуір жақсартады. Байланыстың қолжетімділігін арттыру мақсатында «Транстелеком» АҚ салған инфрақұрылымды басқа ұялы байланыс операторларының пайдалануына мүмкіндік береді. Бұл мобильді байланыстың қамту аймағын жедел кеңейтуге және таңдалған операторға қарамастан, барлық азаматтар үшін қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді,–деп хабарлады министрлік.