Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды елге қайтару басталды. Төртінші наурызда Қазақстанға 946 жолаушы аман-есен оралды. Бұл туралы Көлік министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді. Комитет таратқан ақпаратқа сүйенсек, Air Astana компаниясы Медина мен Жиддадан бірнеше рейс орындаған.

  • KC2202 рейсі Ақтау қаласына сағат 21:28-де қонды, бортта 142 адам болды;

  • KC2208 Медина – Атырау бағыты бойынша сағат 01:19-да қонды, 145 адам;

  • KC2206 Жидда – Атырау бағыты бойынша сағат 02:50-де қонды, 174 адам;

  • KC2204 Жидда – Атырау бағыты бойынша сағат 03:34-те қонды, 179 адам болды.

— SCAT әуе компаниясы Boeing 767 әуе кемесімен Алматы – Маскат – Алматы бағыты бойынша рейс орындалып жатыр. Ұшақта шамамен 290 орын бар, – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.

Қазіргі таңда Таяу Шығыс елдерінде қалып қойған азаматтарды елге қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, Таяу Шығыс елдерінде төрт мыңнан астам қазақстандық қалып қойған еді. Олар Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Сауд Арабиясынан елге орала алмауда.