Қазақстанда бизнес субьектілері мен қарапайым тұрғындардың несиесі артқан. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады. Реттеуші банк 2026 жылдың ІІ тоқсанында банктер арасында сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде орта бизнестің иелерінің несиесі артқаны белгілі болды. Сол себепті өтінім саны да төрт пайызға көбейген. Бірақ шағын бизнестің өкілдері қарыз алуға өтінімді аз бергені де белгілі болды. Өткен тоқсанда өтініш беру бір пайызға азайып қалыпты.
Ұлттық банк өкілдері ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің көптеп несие алып жатқанын айтады. Сала мамандары бұны "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ тобының жобаларын қайта қаржыландыру бойынша жұмысты және Аграрлық кредит корпорация желісі арқылы агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыруымен байланыстырады. Сондай-ақ бизнес субьектілерін "Даму" қоры да қолдап келеді.
Ал, тұрғындар арасында ипотека мен автонесие алатындар көбейген.
- Өтінім саны 19%-ға (т/т) артып, 228 мыңды құраса, олардың орташа мөлшері 5%-ға өсіп, 21,5 миллион теңгеге жетті. Кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздарға сұраныс күшейді. Себебі оған жаңа онлайн-өнімдер іске қосылып, сыйақы мөлшерлемелері төмендегені және маркетингтік іс-шаралардың өткізілгені ықпал етті. Бірақ кейбір банктердің белсенділігі төмендегендіктен, өтінім саны 18%-ға (т/т) азайып, 85 мың болды. Ал олардың орташа мөлшері 27%-ға өсіп, 17,7 миллион теңгеге жетті, - деп хабарлады Ұлттық банк.
Көлікті несиеге алғысы келетіндердің де саны артқан. 2026 жылдың ІІ тоқсанында өтінім бергендердің саны 20 пайызға көбейген. Несие саны 18 пайызға өсіпті. Сала мамандары бұны темір тұлпардың бағасының арзандауы мен субсидияланған сыйақы мөлшерлемелері бар бағдарламалардың іске асырылуы және банктердің ресми дилерлермен арадағы ынтымақтастық аясының кеңеюі себеп болды деседі.
Елімізде тұтынушылық несиенің де саны артқан. Ұлттық банктің келтірген мәліметіне сүйенсек, кепілмен берілетін қарыздың саны 31 пайызға ұлғайып, кепілсіз берілетін тұтынушылық несие 33 пайызға дейін көбейген.